Accessibility links

Обама: Ливияға қатысты барлық варианттар қарастырылып жатыр


АҚШ президенті Барак Обама Ливияға қатысты барлық варианттарды, оның ішінде әскери әрекет мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеді.

Обама бейсенбі күні Вашингтонда сөйлеген сөзінде Ливияны ұзақ жылдар бойы басқарып келе жатқан Муаммар Каддафиді биліктен кетуге шақырды. Обаманың айтуынша, екі аптадан астам уақыттан бері Ливияда жалғасып жатқан қантөгістен кейін Каддафи режимі заңдылығын жоғалтқан.

Сонымен қатар Обама Ливияда ұшақтардың ұшуына тыйым салу аумағын құру мәселесін де жоққа шығармады. Бұл шара Каддафидің әуе күштерінің көтерілісшілерді бомбылауына кедергі жасау үшін қолға алынуы мүмкін.

Президенттің атап көрсетуінше, қазіргі уақытта АҚШ-тың басты мақсаты - гуманитарлық дағдарыстың алдын-алу үшін босқындарға жәрдем беріп, Каддафидің 41 жылдық билігін тезірек аяқтауға көмектесу.

"Ливия фракциялары арасындағы жағдай тығырыққа тіреліп, кейінірек қантөгіске айналуы мүмкін. Осындай қауіп бар. Біз мұны да қарастырып жатырмыз. Егер гуманитарлық дағдарыс жағдайы нашарлап кетсе, АҚШ-тың мүмкіндігінше тез арада әрекет етуге толық қабілеті барлығына көз жеткізгім келіп отыр", - деді Обама.
XS
SM
MD
LG