Accessibility links

Астанадағы саяси тартыс Қарашығанаққа қырсығын тигізбеуі тиіс


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (бірінші қатарда) шетелдік инвесторлар кеңесінің қатысушыларымен бірге. Оң иығын ала екінші қатарда тұрған - Тимур Құлыбаев. Астана, 18 мамыр 2011 жыл
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (бірінші қатарда) шетелдік инвесторлар кеңесінің қатысушыларымен бірге. Оң иығын ала екінші қатарда тұрған - Тимур Құлыбаев. Астана, 18 мамыр 2011 жыл

Financial Times басылымы Қазақстанның отандық қор нарығын дамытуға күш салып жатқанын жазады. Ал Stratfor ұйымы Ақ ордадағы соңғы саяси тартыстан соң бірнеше министр қызметінен айрылады дейді.


Financial Times («Файнаншл Таймс») басылымы мамырдың 19-ындағы санында мемлекеттің иелігіндегі жетекші компаниялардың акцияларын "халықтық IPO" бағдарламасына шығаруды жоспарлаған Қазақстан шетелдік инвесторларға мемлекеттің стратегиялық үлесіне қатысуды ұсынды деп жазады.

ТЕК ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯЛАР БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ БОЛУЫ КЕРЕК

Қазақстанның экономикалық даму министрі Қайрат Келімбетов басылымға «халықтық IPO» бағдарламасының қазан айына таман дайын болып, жылдың соңғы тоқсанында алғаш айналымға енгізілетінін айтқан. Жоспар бойынша, мемлекеттік компаниялардағы миноритарлы акция пакеті арзан бағамен ұсынылмақшы. Бұл шара азаматтардың акцияны сатып алуына түрткі болып, отандық әлсіз қор нарығының дамуына жағдай туғызу үшін жасалып жатыр дейді басылым.

«Белгілі бір уақыттан кейін егер тікелей шетелдік инвестиция тарту жолын іздейтін болып қалсақ, олардың инвестиция салуына жағдай жасауымыз керек. Бірақ бізге әлеуеті мол стратегиялық және институционалдық әріптестерді тарту үшін үш жылдан бес жылға дейін аралықта уақыт керек. Себебі біз тек ұлттық компаниялар ғана болашақта әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті бола алуы керек деп санаймыз» деген басылымға сұхбат берген министр Қайрат Келімбетов.
Мемлекеттік компаниялардағы миноритарлы акция пакеті арзан бағамен ұсынылмақшы. Бұл шара азаматтардың акцияны сатып алуына түрткі болып, отандық әлсіз қор нарығының дамуына жағдай туғызбақ.

Осы айда үкімет Citi банкі, UBS банкі және Visor Capital банкі мен Қазақстанның инвестициялық банкін IPO бағдарламасы бойынша кеңесшілер ретінде бекітті. Ал бағдарламаға қандай компаниялардың кіретіні және олардың қалай жұмыс жасайтындығы әлі анықталып жатыр. Дегенмен, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының бақылауындағы "Қазмұнайгаз", "Қазақстан теміржолы", "Қазатомпром" және KEGOK сияқты бірнеше компаниялар басты үміткерлер ретінде атала бастады деп жазады Financial Times.

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТ

«Халықтық IPO» бағдарламасы компанияны ұжымдық басқарудың жаңа стандарттарын орнату үшін жасалып жатыр. Бағдарлама Қазақстанның билік құрушы әулетімен тығыз байланыс орнатқан бизнес топтар қазба байлықтардың басым бөлігі мен қаржылық активтерге бақылау жасауға ие болған 1990 жылдардағы жекешелендірудің кемшін тұстарын түзеуге арналған деген ой айтады басылым. «Жалпы, «халықтық IPO» идеясы жұртшылықты инвестициялық мәдениеттің қалыптасуына қатыстыру болып табылады. Біз мұны ең жақсы тәжірибеге сүйеніп жүзеге асырып жатырмыз» дейді «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының кеңесшісі Марсиа Фавель-Тартер.

Басылым биліктің бағдарламаны насихаттауда БАҚ-ты қолданып жатқанын да келтіреді. Ал "Ренессанс Капитал" қорының қаржылық сарапшысы Милена Иванова-Вентурини: "Халықты қор нарығына тарту үшін ұзақ уақыт оқу-үйрету жұмыстарын жүргізу керек. Қалтасы қалың адамдар арзандатылған акцияларды сатып алуы мүмкін. Бірақ халықтың басым бөлігін жұмылдыруға біраз уақыт кетеді" дейді.
«Халықтық IPO» идеясы жұртшылықты инвестициялық мәдениеттің қалыптасуына қатыстыру болып табылады. Біз мұны ең жақсы тәжірибеге сүйеніп жүзеге асырып жатырмыз.

RBS-дің дамушы нарықтар бойынша несие стратегі Окан Акиннің айтуынша, Қазақстан мұнай мен газға тәуелділіктен арылу үшін өзінің қаржы нарығын дамытуы тиіс. Маман: "Халық қалайда бұған қатысуы керек. Ең бастысы, адамдар өзінің қаржы таба алатынына көзі жете ме деген мәселе болып тұр. Егер тиімді жеңілдіктер ұсынылса, онда жекелеген инвесторлардың ынтасы артуы мүмкін" дейді.

БИЛІКТЕГІ ІШКІ ТАЛАС-ТАРТЫС СЫРТЫНА ШЫҚТЫ

Ал АҚШ-тың Stratfor («Стретфор») барлау және талдау ұйымы Қазақстандағы экономикалық жағдайды басқа қырынан сипаттайды. Ұйым өзінің мамырдың 19-ында жариялаған мақаласында биліктегі саяси топтардың өзара күресі елдің мұнай-газ саласының даму болашағына зиянын тигізу қаупі бар деп баға береді. Қауіп биліктің өз ішіндегі саяси бәсекелестіктен туындап отыр. Ішкі күрес елді ұзақ уақыт бойы басқарып келе жатқан президенттің орнынан кетуі мүмкін деген әңгімелер көбейген сайын үдей түсті.
Сауат Мыңбаев, Қазақстанның мұнай және газ министрі. Атырау, 18 қыркүйек 2008 жыл

Бұл жайында Қазақстанның мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев 18 мамырда: «Егер Қазақстан үкіметі шетелдік инвестор компаниялардың жобаларына қатысты ортақ мәмілеге келе алмайтын болса, Қазақстан Қарашығанақ газ кенішінің келешектегі дамуына тұсау салуы мүмкін» деп мәлімдеді. Ұйым мұндай мәлімдеме Қазақстан үкіметінің ішіндегі саяси талас-тартыстан туындап отыр деген ой айтады.

Қарашығанақ Қазақстанның Теңіз және Қашаған кеніштерімен қатар тұрған үш ірі жобасының бірі болып табылады. Кеніште 1.2 триллион текше метр газ қоры бар деп есептелген, әрі жылына 6.6 миллиард текше метр газ экспорттай алады. Қарашығанақтан күніне 200 мың баррель мұнай алынады.

ҚАЗАҚ ҮКІМЕТІНІҢ ҚИТҰРҚЫ АМАЛДАРЫ

«Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг B.V.» консорциумы BG Group (32.5 пайыз үлес), ENI (32.5 пайыз үлес), Chevron (20 пайыз үлес) және Lukoil (15 пайыз үлес) компанияларынан құралады. «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы өткен жылдан бері осы консорциумның 10 пайыздық үлесін алуды көздейді. Бұған қол жеткізу үшін үкімет консорциум мен оның кейбір мүшелеріне қатысты қитұрқы қулық қолданды. Мәселен, консорциумға өнімді бөлісу бойынша жасалған келісімді бұзды және салық төлеуден жалтарды деген айыптар тағылды деп атап көрсетеді Stratfor. Қазіргі уақытта 10 пайыздық үлеске қатысты келіссөздер жүріп жатыр.
"Қазмұнайгаз" компаниясы технологиялық даму жағынан ондаған жылдарға артта қалып қойған.

«Теңіз және Қашаған жобаларына қатысушы компаниялар да қазақ үкіметінен осыған ұқсас қысым көрді» дейді ұйым. Осындай шаралар арқылы шетелдік компаниялар айыппұл ретінде төлеген қаржы Қазақстанға әлемдік қаржы дағдарысына қарсы тұруда септігін тигізді. Stratfor мемлекет қарауындағы "Қазмұнайгаз" компаниясының технологиялық даму жағынан ондаған жылдарға артта қалып қойғанын, шетелдік компаниялардан бағалы техникалық құрал-жабдықтар сатып алып отырғанын да келтіре кетеді.

САЯСИ ТОПТАРДЫҢ АРАСАЛМАҒЫ

Жекелеген топтардың елдің энергетикалық секторын уысында ұстау жолындағы күресі күшейе түскен сайын Қазақстан билігіндегі бәсеке өткір сипат алып келеді. Stratfor-дың мәліметтері бойынша, бұл саяси "ұрыс" таяу арада әйгіленуі мүмкін. Қайта сайланған президент Нұрсұлтан Назарбаев мұрагер дайындау жоспарына кірісу үшін үкіметте тазарту жүргізіп, ауыс-түйіс жасады. Мәліметтер бойынша, ауыс-түйістің кезегі келесі үш министрге келіп қалған. Олар - мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев, қаржы министрі Болат Жәмішев және индустрия және сауда министрі Әсет Исекешов. Бұл үшеуі де шетелдік инвесторларға бүйрегі бұратын саяси топтарға жатады деген пікір келтіреді ұйым.
Тимур Құлыбаев, "Самұрық" қорының басшысы. Астана, қазан, 2010 жыл.

Бұлардың басты саяси бақталасы президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаев күш жинап келе жатыр. Ол біраз бұрын елдің ішкі жалпы өнімінің 70 пайыз бағалы акциясына бақылау жасайтын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына басшылыққа тағайындалды.

"Қазмұнайгаздың" басқару кеңесінде Құлыбаевтың әлдеқашаннан-ақ үлесі бар-тын, әрі ол үкіметтің шетелдік инвестор компаниялармен арада келісім жасасуында басты рөл атқарады. Бұл Тимур Құлыбаев шет елдік компаниялар атынан әрекет жасайды деген сөз емес. Бірақ ол шетелдік компаниялардың елде жұмыс істеуі пайдалы деп санайтындықтан, мемлекеттің энергетикалық секторын үкіметтің шетелдік компанияларға тым тісін көп батырмай-ақ нығайтуға күш салды.
Қарашығанақ кенішінің өнім өндіру көлемі келесі жылы шарықтау шегіне жетеді деп болжанып отыр.

Тимур Құлыбаевтың күш-қуаты өткен бірнеше ай бойына артып отырды. Ал алда «басты рөлдегі» министрлердің орнын босатуы ықтимал болғандықтан, ол үкімет пен шетелдік компаниялар арасындағы кейбір араздықтарды шешетін негізгі делдалға айналмақ. Алайда, оның билігі немесе әлеуеті шектелуі. Себебі Тимур Құлыбаевтың қаржы полициясы, салық комитеті, кеден комитеті және сот жүйесі сияқты шетелдік компанияларға түрлі себептермен қырын қарайтын органдарға сөзі жүрмейді. Бұл органдар Нұрсұлтан Назарбаевқа өзінің күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың ықпалына қарсы салмақ ретінде қызмет етеді, әрі президентті күйеу баласының тақтан тайдыру ықтималдығынан сақтайды деген пікір айтады Stratfor.

ТҮЙІН

Ал биліктің саяси күреске ынты-шынтысымен ден қойғаны соншалық, ол бұдан мемлекеттің табыс көзі болып отырған энергетикалық секторға келетін зиянды да елемей тастады. Қарашығанақ кенішінің өнім өндіру көлемі келесі жылы шарықтау шегіне жетеді деп болжанып отыр. Ал оны одан ары ұлғайтуға шетелдік компаниялардың техникалық мүмкіндіктері бар болғандықтан, үкімет оларды қолдауы керек деп санайды ұйым.

Үш энергетикалық алып жоба қыспаққа ұшырап, болашағы бұлыңғыр болып тұрған шақта, билік өзінің саяси бәсекесін былай ысырып қоюы керек. Мұның орнына ол энергетикалық сектордың келешегін, сол арқылы мемлекеттің болашағын ойлағаны жөн деп түйіндейді Stratfor.
XS
SM
MD
LG