Accessibility links

Түрмедегі қазақ журналисіне демалыс берілді


«Алма-Ата инфо» тәуелсіз газетінің бас редакторы, үш жылға сотталған Рамазан Есіргепов.
«Алма-Ата инфо» тәуелсіз газетінің бас редакторы, үш жылға сотталған Рамазан Есіргепов.
Тараздағы колонияда сот жазасын өтеп жатқан «Алма-Ата инфо» тәуелсіз газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповке сырқат анасымен кездесуге барып қайтуға демалыс берілді деп хабарлады бүгін «Интерфакс-Казахстан» агенттігі.

Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары Әміролла Оралбаевтың айтуынша, Рамазан Есіргеповке қыркүйектің 19-ы мен 26-сы аралығында демалыс берілген.

Осыдан бірнеше апта бұрын анасының науқастығын айтып, онымен жүздесу үшін демалыс беруді сұраған Есіргеповтың өтінішін жабық мекемелерде сот жазасын өтеп жатқандарға ондай демалыс берілмейтіндігін алға тартқан басшылық қанағаттандырмай тастаған еді.

«Алма-Ата инфо» тәуелсіз газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов 2009 жылы тамыздың 8-і күні шығарылған сот үкімі бойынша «мемлекеттік құпияны жария еткені үшін айыпты» деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айрылған. Оның жаза мерзімі журналистің қамауға алынған сәтінен, яғни 2009 жылғы қаңтардың 6-сынан бастап есептеледі.
XS
SM
MD
LG