Accessibility links

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» кәсіпорыны ереуілшілермен келіссөз өткізбегенін айтады


Жаңаөзен қаласының орталық алаңында ереуілде отырған «Өзенмұнайгаз» компаниясы жұмысшылары. 1 қыркүйек 2011 жыл.
Жаңаөзен қаласының орталық алаңында ереуілде отырған «Өзенмұнайгаз» компаниясы жұмысшылары. 1 қыркүйек 2011 жыл.
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы Жаңаөзендегі жұмыстан шығарылған адамдарды жұмысқа қайта қабылдау жөнінде ешбір келіссөз жүргізбегенін мәлімдеді.

Кәсіпорын атынан бүгін таратылған ақпараттық хабарламада, «Азат» партиясы таратқан хабарлама мен партияның өкілдерінің өтініші бойынша қазанның 4-і күні өткен кездесуде «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» өкілдері заңсыз наразылық акциясына қатысып, еңбек шартын бұзғаны үшін «Өзенмұнайгаз» компаниясынан жұмыстан шығарылған 989 жұмыскердің қайсыбірін жұмысқа қайта қабылдауға еш ниеті жоқ екендігін тағы бір шегелеп мәлімдегені айтылған.

Сонымен бірге хабарламада, «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының жұмыстан шығарылған адамдарға ұңғымаларға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оларға қызмет көрсететін сервистік компанияларға жұмысқа тұру жөнінде бірнеше мәрте ұсыныс жасалғаны, алайда жұмыстан шығарылғандар ондай ұсыныстарды қабылдаудан бас тартып отырғандығы айтылған.

Компания «заңға сәйкес, жұмыстан шығарылғандар ендігәрі кәсіпорынның еңбек ұжымы құрамына кірмейтіндіктен жұмыс берушіге ешқандай талап қоя алмайды, дәл осы себепті олардың талаптарын, оның ішінде жұмысқа қайта алынуы жөніндегі талаптарын қарайтындай бітімгершілік комиссия құрыла алмайды» дейді.
XS
SM
MD
LG