Accessibility links

Еуразия Одағы: екі басты бүркіт сілкіне бастады


Владимир Путин, Ресей президенті. Мәскеу, 6 қазан 2011 жыл
Владимир Путин, Ресей президенті. Мәскеу, 6 қазан 2011 жыл

Владимир Путин гео-саяси тұрғыдан қарағанда жаңаша «үлкен ойын» бастауға кірісті деп санайды америкалық зерттеуші. Автордың пайымдауынша, Қазақстан президенті бұрынғы «үлкен ағасының» құшағына қайта құлағалы тұр.


Ресей империясының екі басты бүркіт бейнеленген гербі ғасырлар бойы бұл елдің Азия мен Еуропа әлеміне қатар табан тіреген ерекше ел екендігін меңзейтін символы болып келді деп жазады қазанның 11-і күні бұрынғы совет елдерін зерттеуші Стивен Вильсон Central Asian Newswire басылымында.

БОЛАШАҚ ОДАҚТЫҢ БАС КЕЙІПКЕРІ

Бір басы шығысқа, екінші басы батысқа көзін тіккен бұл бүркіт ислам әлемімен, Қытай және христиан жұртымен мәңгі шектесіп жатқысы келетін Ресейдің түпкі ниетін әйгілеп тұрғандай.

Мақала авторы Владимир Путиннің «Еуропа Одағының үлгісімен» Еуразия Одағын құру жоспарын империялық амбиция деп түсінеді.

Автордың ойынша, саяси одақ құру - белгілі бір территорияны бақылап қана отырудан гөрі әлдеқайда қиын міндет. Еуропа Одағы биыл экономикалық одақтың саяси одақсыз экономикалық дағдарысты реттеп отыруға қаншалықты қабілетсіз екендігін көрсетіп берді.

Совет Одағына ұқсас саяси-экономикалық одақты жаңғырту мәселесін Ресейдің бұған дейін де айтқанын ескертеді автор. Ресей осыдан екі-ақ жыл бұрын Дүниежүзілік Сауда Ұйымына жеке-жеке емес, Беларусь пен Қазақстанмен бір топ болып кіру туралы қыңырлау ұсыныс жасаған. Бұл жоспарды көпшілік күмәнмен қабылданып, ақырында жоба күйінде жатып қалған. Бірақ сол ұсыныстан-ақ Еуразия Одағын құру ниеті білініп тұрды деп санайды зерттеуші.

ҚАЙТА АЙНАЛЫП КРЕМЛЬДІ ТАБУ

Болашақ Еуразия Одағының мүшелері нендей нығметке бөленбек деген сауалына қатысты зерттеуші мынадай тұжырым айтады. Оның ойынша, Беларусь бұл одаққа саяси жағынан да, экономикалық жағынан да разы. Экономикасы қыл үстінде зорға тұрған Беларусь арзан газ бен басқа да тиімділік көрмек. Өйткені шетелдік инвесторлар Беларусьтің тозған экономикасы мен тоқыраған саяси жүйесінен шошынып, бұл елге кірмей іркіліп тұр.

Мақала авторының жазуынша, 1994 жылы-ақ Еуразия Одағы туралы ұсыныс айтқан Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта), Ресейдің сол кездегі президенті Владимир Путин (ортада) және Беларусь президенті Александр Лукашенко ЕврАзЭС саммитінде. Душанбе, 6 қазан 2007 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта), Ресейдің сол кездегі президенті Владимир Путин (ортада) және Беларусь президенті Александр Лукашенко ЕврАзЭС саммитінде. Душанбе, 6 қазан 2007 жыл.
позициясы Лукашенконың пікіріне ұқсас.

Әділетсіз сайлау өткізу арқылы билік тізгінін ұстап отырған, Ресейдің қолтығына кіріп алған Қазақстан басшысы Батыстың либерализация мен ашықтық туралы талаптарынан қорғанудың амалын тапқан.

Автор Қазақстан экономикасы негізінен табиғи ресурстарды Ресей арқылы сыртқа экспорттауға әбден тәуелді екенін қайтара еске салады.

Орталық Азияның өзге төрт республикасына қатысты зерттеуші "Қырғызстан мен Тәжікстан болашақ Еуразия Одағына ыңғай танытып тұр, ал Өзбекстан мен Түркіменстан мүшелікке мүдделі емес" деген ой айтады.

Бұл - ол елдердің респективті экономикаларының айқын көрінісі.

Тәжікстан бұрынғы Совет Одағынан тыс жерлерге көп экспорт шығаратын экономика құрса да, Қазақстан мен Ресейден импорттайтын көп тауарға тәуелді.

Өзбекстанның экономикасы ішкі тұтынушы рыноктың сұранысына сай құрылған импорт саясатына арқа сүйеген. Бұл жүйе Евразия Одағына мүше болса, қирап тынуы мүмкін.

Түркіменстанның құлықсыздығы айтпаса да түсінікті - оның автократиялық билігі шекарасының жабықтығы мен газ экспортына қатты сенеді. Ашғабат Ресей жеріндегі құбырларын қаңтарып қойып, Иран арқылы өтетін бірнеше құбыр жүйесін жаңадан салып алды деп жазады автор.

"Ресейдің арманы - ықпал ету аймағын жаңғырту арқылы өзін арзан отынмен қамтамасыз ету" деп санайды зерттеуші. Путиннің мақаласын оқып отырып, оның «үлкен ойын» бастағалы отырғанын байқау қиын емес дейді автор. Өйткені Ресей үкіметінің басшысы әлі құрылмаған Еуразия Одағын Еуропа Одағымен тең дәрежелі әріптес ретінде сипаттағысы келеді.
XS
SM
MD
LG