Accessibility links

Тимур Құлыбаев: «Самұрық-Қазына» компаниялары инновациядан мақұрым


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Тимур Құлыбаев.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Тимур Құлыбаев.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Тимур Құлыбаев осы қордың құрамына енетін ұлттық компаниялардың инновациялық жұмыстардан мақұрым екендігін мойындады. Бұл туралы ақпарат бүгін осы қордың «Twitter» желісіндегі парақшасында жарияланды.

«Біздің компанияларда инновациялық жұмыстар мүлде жүргізілмейтінін, бизнес үрдісі реттелмегенін ұқтық... Тәуелсіз директорлардың біздің компанияларымызға инновациялар енгізу жөніндегі өз тәжірибелерін ұсынғанын қалаймыз», - деген Тимур Құлыбаев.

Ол бұл сөзін бүгін Астанада «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры құрамына кіретін ірі ұлттық компаниялардың тәуелсіз директорларымен кездесуде айтқан. Сонымен бірге Құлыбаев қорға қарасты компаниялардағы директорлар кеңесінің қызметіне тәуелсіз бағалау жұмыстарын жүргізуді тапсырған.

Қазақстан президентінің күйеу баласы Тимур Құлыбаев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басқармасының төрағасы болып биыл сәуірде тағайындалған еді.

Құрамына 500 еншілес және тәуелді мекемелер мен оларға бағынышты заңды тұлғаларды біріктірген «Самұрық-Қазына» қоры толығымен Қазақстан үкіметінің иелігінде.
XS
SM
MD
LG