Accessibility links

БАҚ өкілдері ақпарат құралдары туралы заңға орай Назарбаевқа үндеу жолдады


"Қазақстанның интернет қауымдастығының" белгісі. Алматы, 18 қараша 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
"Қазақстанның интернет қауымдастығының" белгісі. Алматы, 18 қараша 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Бүгін «Әділ сөз» қоғамдық қоры, Қазақстанның телерадиохабарларын тарату ұлттық ассоциациясы және «Интерньюс-Қазақстан» үкіметтік емес ұйымдары Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңды қабылдау мерзімін ұзартуды сұрап үндеу жолдады.

Үндеуде аталған ұйымдар байланыс және ақпарат министрлігі жасап шыққан заң жобасын талқылаудың өз мәресіне жетпегенін айтады. Олардың ойынша, заң жобасының көптеген тұстары әлі де "азаматтардың кедергісіз ақпарат алу және тарату құқын шектейді немесе бұзады", қазақстандық ақпарат тарату көздерінің қысқаруына мәжбүрлейді.

"Мәжілістің тарап кетуінен заң жобасын талқылау бойынша бұған дейінгі жұмыс тоқтап қалды. Ал сенат заң жобасын талқылауға беретін екі ай уақытта қоғамның заңды талқылауға толықтай атсалысуы мүмкін емес. Сондықтан сізден парламент сайлауы өткенше заң жобасын ары қарай қабылдау жұмыстарын тоқтата тұруды және оны кең көлемде талқылауға мүмкіншілік беруді сұраймыз" дейді үндеу иелері.

Аталған заң жобасы бұған дейін сөз бостандығын қорғау ұйымдарының тарапынан сынға ұшыраған болатын. Бүгінгі үндеуді қырыққа жуық үкіметтік емес БАҚ ұйымдары мен журналистер қолдады.
XS
SM
MD
LG