Accessibility links

Бас прокуратура: Шетпеде бұзақылар әрекет етті


Қазақстан бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков. Астана, 10 желтоқсан 2009 жыл.
Қазақстан бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков. Астана, 10 желтоқсан 2009 жыл.
Бүгін Қазақстан бас прокуратурасы сенбі күні Маңғыстау облысындағы Шетпе станциясында болған оқиғаға қатысты баспасөз хабарламасын таратты.

Онда 17 желтоқсанда жергілікті уақытпен 13 сағат 24 минутта Шетпе темір жол станциясында бір топ адамның Маңғыстау-Ақтөбе бағытындағы №309 жолаушылар пойызын бөгегені айтылған.

Бас прокуратураның айтуынша, акцияға қатысушылар теміржол желілерін босатудан бас тартқан соң, кешкі сағат 8 шамасында полиция темір жол желілерін босату және қылмыстық әрекеттердің жолын кесу үшін шаралар қабылдай бастаған. Бұл уақытқа дейін теміржол желісінде болған адамдардың көбі өз еріктерімен кентке кетіп, станцияны босатқан.

"Алайда 50 шақты бұзақы полиция қызметкерлеріне белсенді қарсылық көрсетіп, жүк тасымалдау пойызының тепловозын өртеп жіберді, вагондарға жанғыш сұйық қоспасы бар бөтелкелер жаудырды. Әрі қарай бұзақы адамдар өздерінің қылмыстық әрекеттерін Шетпе кентінің аумағында жалғастырып, жаңа жыл шыршасын өртеп жіберді, дүкендердің көрмелерін, автокөліктердің терезелерін сындырды" деп жазылған прокуратура таратқан хабарламада.

"Бұзақылардың әрекеттері бейбіт азаматтардың және полиция қызметкерлерінің өздерінің денсаулықтары мен өмірлеріне айқын қауіп төндіргенін ескере отырып, полицейлер қару қолдануға мәжбүр болды. Алдын-ала мәліметтер бойынша Маңғыстау аудандық ауруханасына оқ ату жарақаттарымен 12 жәбірленуші түсіп, оның ішінде 1 адам қайтыс болды" деп хабарлады бас прокуратура.

Бұған дейін Азаттық тілшілеріне Шетпеден телефон арқылы хабарласқан Бауыржан есімді азамат станцияда қарапайым халық пен арнайы жасақ қақтығысып, соның салдарына 25 жастағы бір жігіттің басына оқ тиіп қаза болғанын және бірнеше адамның жарақаттанғанын айтқан еді.
XS
SM
MD
LG