Сенбі күні Ақтауда Жаңаөзен оқиғасына қатысты құрылған үкіметтік комиссияның жетекшісі, бірінші вице-премьер Өмірзақ Шүкеев және "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының жаңа тағайындалған басшысы Ләззат Қиынов, "Қазмұнайгаз" Барлау. Өндіру" компаниясының жаңа басшысы Алик Айдарбаев "Қаражамбасмұнай" кәсіпорнының жұмыстан шығарылған 200 еңбеккерімен кездесті деп хабарлады тілшіміз.
Бірінші вице-премьер Өмірзақ Шүкеев:
- «Өзенмұнайгаздың» жанынан бір жылдың ішінде бұрғылау кәсіпорны салынады. Барлық жұмыссыз қалғандарды сол кәсіпорынға бұрынғы еңбекақыларымен орналастырамыз. Жаңа мамандықтар оқытамыз. Жетібайда да өндіріс ашылады», - деді. Шүкеевтің сөзіне қарағанда үкімет мұнайшыларға басқа аймақтардан да жұмыс ұсынбақшы.
Үкіметтің ереуілшілерді жұмысқа орналастыру, оның ішінде Қазақстанның басқа аймақтарынан жұмыс тауып беру жөніндегі ұсыныстарына мұнайшылар үзілді-кесілді қарсы шықты деп хабарлайды Азаттықтың тілшісі Ақтаудан.
«Қаражанбасмұнай» компаниясының бұрынғы мұнайшылары жұмыс беруші тараппен келіссөздер жүргізу үшін келісім комиссиясына бес адамды бөлу ұсынысын да қабылдамаған.