Accessibility links

Жаңаөзендік полицейлер үстінен іс қозғалды


Қазақстан бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков.
Қазақстан бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков.
Бас прокуратура 27 желтоқсанда полиция қызметкерлерінің қару қолданып, адам өлтіргеніне байланысты қылмыстық кодекстің 308 бабы бойынша "қару қолдануда қызметтік өкілетін асыра пайдаланды" деген қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Жаңаөзендегі оқиғаларды тексеру кезінде 20 адам ұсталып, олардың 18-і сот санкциясымен қамауға алынды деп хабарлайды бүгін бас прокуратураның өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков.

"Бұған дейін хабарланғандай, қайтыс болғаны расталған 16 адамның кейбірінің қазасына құқық қорғау органдарының қатысы жоқ. Тергеу шаралары арқылы әрбір адамның қайтыс болуының себептері мен оның құқықтық бағасы беріліп жатыр. Мұның ішінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қылмыстың алдын алу үшін шектен тыс қару қолданғаны туралы мәліметтер де анықталып жатыр" дейді Сүйіндіков.

Ресми өкіл сондай-ақ Жаңаөзенде із-түссіз жоғалғандардың жоқ екендігін айтады.

Бұған дейін Жаңаөзенде желтоқсанның 16-сы күнгі оқиғада және оқиға салдарынан 16 адамның қаза болғаны расталды. Жаңаөзендегі жағдайға қатысты наразылық білдіріп, Шетпе станциясында теміржолды жапқан тұрғындармен қақтығыста полиция оқ атып, 1 адам қаза болып, 12 адам жараланды. Прокуратура "полиция бұзақылардан қорғану үшін оқ атқан" деп мәлімдеген еді.
XS
SM
MD
LG