Accessibility links

Бас прокуратура: Қызылордада "террористің көзі жойылды"


Алматы облысының Боралдай кентінде қылмыстық топты құрықтау кезінде жүрген арнайы жасақ сарбаздары. Алматы, 4 желтоқсан 2011 жыл.
Алматы облысының Боралдай кентінде қылмыстық топты құрықтау кезінде жүрген арнайы жасақ сарбаздары. Алматы, 4 желтоқсан 2011 жыл.


Бүгін, желтоқсанның 29-ы күні ұлттық қауіпсіздік комитетінің "Арыстан" арнайы жасағы Қызылорда қаласында өткізген операция кезінде "Ағжан Хасеннің терроршы тобының жетекшілерінің бірі болған 1971 жылы туған Ерік Аязбаев қаза тапты" деп хабарлады бас прокуратура.


"Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде қылмыстық тергеу органдарынан жасырынған Ерік Аязбаевтың Қызылорда қаласында, Амангелді көшесіндегі 3 үй, 80 пәтерде тұрып жатқаны белгілі болды. Өз еркімен берілуден бас тартқан Аязбаев "Макаров" тапаншасынан оқ атты. Бірақ артынан арнайы жасақтың қарсы атқан оғынан қаза тапты. Өзге зардап шеккендер жоқ." деп жазылған бас прокуратура таратқан хабарламада.

Оқиға орнында тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін, ақпарат агенттіктері Қызылордада белгісіз ер адамның өзін-өзі жарғаны туралы хабарлаған еді.

Желтоқсанның 3-інде Алматы маңындағы Боралдай кентінде 1977 жылы туған Ағжан Хасен басқаратын "терроршы топтың" бес мүшесі құқық қорғау органдарымен өткізген арнайы операция барысында қаза тапқан болатын. Атыс кезінде ҰҚК-нің «Арыстан» арнайы жасағының екі қызметкері де қаза тапқан болатын.

XS
SM
MD
LG