Accessibility links

ОСК төрағасы ЕҚЫҰ өкілімен кездесті


Сенбі күні Астанада Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов кезектен тыс мәжіліс сайлауын бақылаған ЕҚЫҰ-ның адам құқықтары мен демократиялық институттар бюросының басшысы Миклош Хараштимен кездесті деп хабарлайды ОСК-ның баспасөз-қызметі.

«Миклош Хараштидің ОСК өзінің жұмысы мен сайлау қорытындыларын қалай бағалайды деген сауалына жауап бере келіп, Тұрғанқұлов: «Біздің жұмысымыздың басты бағасы - өткен сайлаудың нәтижелерін қоғам қабылдады, демек ол біздің азаматтарымыздың шынайы қалауы мен көңіл-күйін білдіреді деп атап көрсетті» деп жазылған ОСК таратқан хабарламада.

Хабарламада «Мәжілістің жаңа құрамы еркін және демократиялық жағдайда, толықтай сайлау заңдылықтарының талаптарына сәйкес сайланғандығы шетелдік бақылаушылардың және халықаралық ұйымдардың басым көпшілігі, сондай-ақ қазақстандық бақылаушылар тарабынан мойындалды» деген Тұрғанқұловтың сөздері келтірілген.

Миклош Харашти ОСК мүшелеріне ЕҚЫҰ-ның адам құқтары және демократиялық институттар бюросының сарапшыларымен ынтымақтаса жұмыс істегендері үшін алғыс білдіріп, миссияның 15 қаңтарда өткен парламент сайлауы туралы толық есебі дайындалып жатқанын айтты.

Бұрын хабарланғанындай, ЕҚЫҰ-ның миссиясы Қазақстанда өткен парламент сайлауын сынап, «биліктің толық қадағалауындағы сайлау» деп атаған болатын.
Сондай-ақ Хараштидің пікірі бойынша, сайлаушылардың қатысу белсенділігін Гиннестің рекордтар кітабына енгізуге болады.

Қазақстан парламенті сайлауында сайлаушылардың 75,45 пайызы қатысқан.
Мәжілістегі орындарды биліктің «Нұр Отан» партиясы мен билікшіл тағы екі партия бөлісті.
XS
SM
MD
LG