Accessibility links

Тәжікстан Ресейден әскери базаға ақы сұрайды


Тәжікстанның Ресейдегі елшісі Абдулмажид Достиев.
Тәжікстанның Ресейдегі елшісі Абдулмажид Достиев.
Тәжікстанның Ресейдегі елшісі Абдулмажид Достиев Душанбенің Мәскеуден әскери базаларды пайдаланғаны үшін ақы сұрайтынын мәлімдеді.

Азаттық радиосының Тәжік қызметіне берген сұхбатында Абдулмажид Достиев таяу күндері екі ел арасында "Ресейдің Тәжікстандағы әскери базаларды пайдалану мерзімін 49 жылға ұзарту" туралы келісім жасалатынын айтты. Бірақ оған әлі қол қойылмаған. Келісім шартты жасауға Тәжікстанның Душанбе, Қорғон-Төбе және Кулобтағы әскери базаларды пайдаланғаны үшін Ресейден ақы төлеуді талап етуі кедергі болып отыр.

Достиев "Қазір ешкім жерін тегіннен-тегін пайдалануға бере салмайды. Тәжікстан осыны білуі тиіс" деп мәлімдеді.

Ресейдің 201-дивизиясы Тәжікстанға екінші дүниежүзілік соғыс кезінде барып орналасқан. Совет одағы құлаған соң дивизия осы елде қалып, Тәжікстанның Ауғанстанмен шекарасын күзетуге көмектесті. 1992-1997 жылдары азамат соғысында Тәжікстан үкіметіне қолдау көрсетті.

Достиев қазір Тәжікстанның жағдайы 1990 жылдардағыдай емес екенін ескерте кетті.
XS
SM
MD
LG