Accessibility links

Ресейде президент сайлауы өтіп жатыр


Президент сайлауында дауыс беріп жатқан теңізшілер. Владивосток, 4 наурыз 2012 жыл
Президент сайлауында дауыс беріп жатқан теңізшілер. Владивосток, 4 наурыз 2012 жыл
Жергілікті халықтың басым көпшілігі наурыздың 4-і өтіп жатқан бәсекенің нәтижесі бойынша премьер-министр Владимир Путин үшінші мерзімге президент болып сайланады деп топшылайды. Ресейдің территориясы тоғыз уақыт белдеуіне бөлінген. Сондықтан 91 мың сайлау учаскесіндегі дауыс беру 21 сағатқа созылмақ.

Ресми әлеуметтік сауалнама жүргізушілер Владимир Путин бірінші айналымда-ақ 60 пайыз дауыс алып, таза жеңіске жетеді деп болжайды. Егер Путин 50 пайыздан аз дауыс жинап қалса, онда қалған төрт кандидаттың ішінде ең көп дауыс алғанымен екінші айналымда қайта бәсекеге түседі.

Ресей бойынша ондаған мың ерікті бақылаушылар сайлаудың өту барысын қадағалауға тілек білдірген. Олар былтырғы желтоқсан айында өткен парламенттік сайлаудың «бұрмаланған нәтижесі» президенттік сайлау кезінде қайталанбас үшін осындай белсенділік көрсетіп жатыр.

Ресейдің еуропалық бөлігінде күн ортасы ауғанда Қиыр Шығыс, Забайкалье және Иркутск облыстарында дауыс беру аяқталып, сайлаушылардың 50 пайыздан артығы саяси таңдау жасады деп хабарланды. Мәскеу уақыты бойынша түскі бірге дейін ресейлік сайлаушылардың 30 пайызы дауыс берді.

Бірқатар жергілікті адам құқығын қорғаушы ұйымдар, тәуелсіз бақылаушылар бір адамның, я бір топ адамның бірнеше мәрте дауыс беруі, сайлаушыларға пара беру және сайлау хаттамаларын бұрмалау сияқты жайттарды хабарлап, түске дейін орталық сайлау комиссиясына 60-тан астам шағым түсірген.

Ресейлік ақпарат агенттіктерінің хабарлауы бойынша, сайлау учаскелерін 685 тіркелген бақылаушы қадағалап тұрмақ. Олардың 219-ы – ЕҚЫҰ-ның өкілдері. Учаскелердің көпшілігіне веб-камералар орнатылған.
XS
SM
MD
LG