Accessibility links

Әбілев пен Қосанов қамаудан шықты


"Азат" ЖСДП партиясының тең төрағасы Болат Әбілев (оң жақта) пен бас хатшысы Әміржан Қосанов. Көрнекі сурет.
"Азат" ЖСДП партиясының тең төрағасы Болат Әбілев (оң жақта) пен бас хатшысы Әміржан Қосанов. Көрнекі сурет.

"Азат" ЖСДП-ның тең төрағасы Болат Әбілев пен партияның бас хатшысы Әміржан Қосанов 15 тәулікке созылған әкімшілік жаза ретіндегі қамаудан шықты. Оларға 25 ақпан "рұқсат етілмеген митинг өткізді" деген айып тағылған еді.

ҚазТАГ агенттігінің хабарлауынша, 11 наурыз Әміржан Қосанов журналистерге: "Біз қамауда отырған Серік Сапарғали, Владимир Козлов, Игорь Винявский және тағы басқалар үшін аштық жарияладық" деп мәлімдеді.

Ал Болат Әбілев елдегі әлеуметтік, экономикалық және саяси өзгеріс үшін ары қарай да күресе беретінін айтқан.

"Бізге арнайы қамау орнынан таңғы сағат 10-ның кезінде-ақ шығуды бұйырды. Егер тез арада кетпесек, тағы 10 тәулік жаза қосылады деп қорқытты" деді Әбілев.

25 ақпан күні Алматыда "Қарсылық күні-2" атты рұқсат етілмеген митинг өткен еді. Наразылық шарасына қатысушылар биліктен Жаңаөзендегі қанды оқиғаның себебін әділ түрде тексеруді және сөз бостандығын шектемеуді талап еткен.

Сол күні полиция "Азат" ЖСДП жетекшілері Болат Әбілев пен Әміржан Қосановты митингіге жібермей, қалалық ішкі істер басқармасына алып кеткен болатын. Алматы қалалық әкімшілік соты екі саясаткерді 15 тәулікке қамау туралы шешім шығарған. Әбілев пен Қосанов бұл шешімге қарсы наразылықтарын аштық жариялау арқылы білдірген еді.
XS
SM
MD
LG