Accessibility links

HRW Соколованың босатылғанын оң бағалады


Human Rights Watch ұйымының логотипі.
Human Rights Watch ұйымының логотипі.
Human Rights Watch ("Хьюман Райтс Вотч") ұйымы маңғыстаулық мұнайшылар белсендісі, заңгер Наталья Соколованың бостандыққа шығуын оң қабылдайды. Әйтсе де, оған қоғамдық істермен айналысуына тыйым салынғанына өкініш білдіреді. Бұл туралы ұйым ресми сайтында жариялаған мәлімдемесінде айтылады.

Ұйымның Орталық Азия және Еуропа бойынша өкілі Мира Ритман "Соколованың жазасын жеңілдету оң қадам. Бірақ ол о баста қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы тиіс еді және оған қоғамдық істермен айналысуға тыйым салынбауы керек еді. Соколованың сотталуы Қазақстандағы сөз бостандығы мен жиын өткізу еркіндігіне қарсы жасалған ең қауіпті шара болды" дейді мәлімдемеде.

HRW бұған қоса Соколова мен қамаудағы басқа да оппозиция өкілдері - Владимир Козлов пен Айжангүл Әміроваға тағылған айыптардың о баста ұқсас болғанын айтып өтеді.

Наталья Соколова 2011 жылдың тамыз айында "әлеуметтік араздық тудырды" деген айыппен 6 жылға сотталған болатын. 6 наурызда жазасы жеңілдеп, үш жыл шартты мерзім тағайындалып түрмеден шықты.

Ол 9 айдан астам уақыт Атырау қаласындағы 157/11 әйелдер колониясында жазасын өтеді.
XS
SM
MD
LG