Accessibility links

Еуропарламент бүгін Қазақстанға қатысты қарарды талқылайды


Еуропарламент бүгін, 14 наурызда Страсбургте Қазақстандағы адам құқықтарына қатысты қарар жобасын талқылауды бастайды.

Қарарда Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларда 17 адам қаза тауып, 100-ге тарта адамның жараланғаны (ресми есеп бойынша), оқиғадан кейін де ондағы жағдайдың шиеленісті күйде қалып отырғаны және тәуелсіз ақпарат құралдарына қысым күшейгені айтылады.

Бұған қоса қарарда Жаңаөзендегі тәртіпсіздікті ұйымдастырды деген айыппен 43 адамның тұтқындалғанын және олардың алты жылға дейін сотталуы мүмкін екені де жазылған. Олардың арасында мұнайшылар белсендісі Талғат Сақтағанов, Роза Төлетаева және Наталья Әжіғалиева бар.

Осы сияқты адам құқықтарының бұзылу көріністерін айтқан Еуропарламент Жаңаөзенде полицияның демонстранттарды басып-жаныштағанын қатаң айыптап, оқиғаны тәуелсіз және халықаралық деңгейде тергеу, тексеру жүргізуге шақырады.

Бұл орайда Еуропарламент Қазақстанмен байланысының бір бөлігі ретінде азаматтық қоғам өкілдерімен диалог орнатуға пейіл білдіріп, ол диалогқа құрмет көрсетіледі деген сенімін білдіреді.

Еуропарламент мұнайшылардың еңбек дауының дұрыс шешілмеуі әлеуметтік шиеленістің тереңдеуінің басты себебі болды дейді. "Әлеуметтік теңдік пен тұрақтылық орнауы үшін кәсіподақ пен жұмыс беруші және билік арасында диалог орнап, жұмыстан босатылған мұнайшылар қайтадан жұмысқа алынуы керек. Жаңаөзен оқиғасының салдарынан зардап шеккендердің отбасыларына қолдау көрсетіліп, заңның үстемдігіне деген сенім орнауы тиіс" дейді.

Еуропарламент Еуропалық дипломатиялық қызметті Жаңаөзен оқиғасын ұйымдастырды деп айыпталғандардың сотына бақылау жасап, ол жайында парламент алдында есеп беруге шақырады.

Бейсенбі, 15 наурызда Еуропарламент бұл қарарға дауыс береді. Азаттық радиосы бұл жайында қосымша тағы хабарлайды.
XS
SM
MD
LG