Accessibility links

Нәрестенің кіндікбау қаны таптырмас ем болып шықты


Құрсақта жатқан сәби. Көрнекі сурет.
Құрсақта жатқан сәби. Көрнекі сурет.

Батыс басылымының жазуынша, өзекті жасушаларды пайдалану саласы енді дамып келеді. Бірақ, жаңа туған дені сау сәбилердің кіндікбауынан алынған қанның көптеген ауруларға дауа екені анықталып отыр.


Ұлыбританияның Guardian («Гардиан») басылымы наурыздың 18-і күні өзекті жасушалар туралы ғылыми жаңалық жайында мақала басты. Қазіргі медицина жаңа туған сәбидің серігі мен кіндік қанын пайдаға асырып, оларды сүйек кемігінен басталатын қан ауруларына қарсы қолданып жатыр.

ПАЙДАЛЫ ПЛАЦЕНТ

Мақала авторы Лондондағы King’s College («Кингз Колледж») ауруханасының акушері Тери Даффи жаңа босанған аналардың сәбилерімен бірге туған жолдасын, яғни плацент қабылдап алып жатқанын баяндайды. Дәрігер Даффи бұл плаценттердің шақалақтар үшін бар жақсылығын жасап болғанын, енді зерттеу үшін пайдаға асатынын тілшіге тәптіштей баяндайды.
Плаценттің құрамындағы өзекті жасушалар ақ қан ауруымен ауыратын сәби үшін, не болмаса қан дертіне шалдыққан адам үшін өте пайдалы.

Плаценттің құрамындағы өзекті жасушалар ақ қан ауруымен ауыратын сәби үшін, не болмаса қан дертіне шалдыққан адам үшін өте пайдалы дейді дәрігер. King’s College медициналық орталығының қызметкерлері кесіп алынған кіндікбаудан аққан қанды шприцпен сорып алып, ыдыстарға құяды.

Автордың айтуынша дәрігерлер бұл қанды «сиқырлы кереметтер» деп атайды. Бұлардың бойында қанның құрамында болатын барлық жасушаның түпкі тегі сақталады. Бір адамның сүйек кеміктері дертті болып, қаны бұзылса, ол осы «кереметтің» көмегімен сауығып кете алады. Басылым Даффи жұмыс істейтін орталықтың ашылу тарихы, қазіргі жұмысы мен қызметі жайлы біраз мәлімет береді. Олар жаңадан балалы болған ата-аналардың рұқстатарымен шақалақтың кіндіктері мен жолдастарын алып қалып, арнайы ыдыстарға сақтап отырады.

«ҚАН РАГЫНА ЕМ БАР!»

Мариана Лоупс және Саймон Брукс есімді ата-аналар да дәрігерлер зияны жоқ деген соң, сәбилерінің кіндігі мен плацентін пайдалануға беруге келіскенін жазады басылым. «Сәбиіміздің кіндік қаны екінші біреудің сырқатынан жазылуына жәрдемін тигізсе жақсы емес пе? дейді олар.

Автордың есебінше осы уақытқа дейін King’s Сollege ауруханасы донорлардан 2 500-ге жуық плацент жинаған. Осыдан бірнеше апта бұрын орталықта жиналған қанды қан рагымен ауыратын ересек адам ем ретінде қолданған. Оған ем дарып, жазылып кетті. «Бұл расында да ғажап жаңалық! Біз болашақта King's орталығынан жәрдем сұрайтын адамдар көбейеді деп үміттенеміз» дейді Даффи.

Автордың пайымдауынша King’s жобаларының жаппай таралмай тұруының негізгі себебі өзекті жасушаларды пайдалану ғылымы әлі де терең жетілмеген. Кіндікбау мен жолдас қаны қазірдің өзінде талай адамның өмірін сақтап қалды. Зерттеулер бұл сала бойынша жалғасып жатыр. Ғалымдардың ойынша, кіндікбау қанының құпиясы ашылған сайын оны қолдану мүмкіндіктері де молая береді. Guardian-ның жазуынша, кіндікбау қанын пайдаланып жатқандардың басым көпшілігі қан ауруына және басқа қан дертіне шалдыққандар жандар.

ҚАН ОРТАЛЫҚТАРЫНЫҢ ЖАҢА ТҮРІ

Қазір Ұлыбританияда кіндік қанын тауып беріп қызмет көрсететін екі түрлі банк бар. Олардың біреуі - Энтони Нолан атындағы қайырымдылық қоры құрған банк, екіншісі NHS Blood and Transplant Service деп аталатын мемлекетке қарайтын орталық. Басылымның жазуынша, бұл орталықтар Лондонның айналасындағы ауруханалардан, перзентханалардан плаценталар мен кесілген кіндік қандарын жинап алып, сақтап отырады. Бұл екі орталық Денсаулық сақтау министрлігінен қаржылай көмек алып, дами түсуді көздеп отыр. Мақала авторы екі орталықтың да болашақ жоспарлары туралы да біршама мәліметтер береді.
Жаңа босанған әйел сәбиін сүйіп жатыр. Көрнекі сурет
Жаңа босанған әйел сәбиін сүйіп жатыр. Көрнекі сурет

Мұндай арнайы медициналық орталықтың өнімдерін тұтынатын ата-аналар жыл өткен сайын көбейіп келеді дейді мақала авторы. Ол осы пікірін растайтын мысал да келтірген. Үш жасар Остин Кловер сегіз айлық кезінде-ақ қан ауруына шалдыққан. Оны Энтони Нолан орталығы Чехиядан алдырған кіндік қанымен емдеген.

Өзекті жасушалар бөтен денеге орнығып алғанша бала бір ай бөлек бағуда жатқан екен. Шешесі Кэрри Туфиннің айтуынша, бала қазір балабақшаға барып, шауып жүр. Ол: «Әттең, әу баста баласының кіндік қанын ауруханаға тапсырған чехиялық ананың аты-жөнін ешқашан біле алмаймын. Білсем мені де, баламды да бақытты етуге себеп болған оларға айтар алғысым шексіз еді» дейді.
XS
SM
MD
LG