Accessibility links

Клинтон: Сирия уәдесін бұзды


АҚШ мемлекеттік хатшысы Хилари Клинтон Сирия үкіметі Кофи Аннан ұсынған БҰҰ мен Араб лигасының бейбітшілік жоспарын іске асыру туралы уәдесін бұзды деп мәлімдеді.

Стамбулда өтіп жатқан "Сирия халқының достары" жиынында ол АҚШ Сирия оппозициясын коммуникациялық керек-жарақпен қамтамасыз етеді деп мәлімдеп, сириялық оппозицияны "саяси іс-қимыл жоспарын" жасауға шақырды.

Сәл ертерек Түркияның премьер-министрі Тайып Ердоған халықаралық қауымдастықты сириялықтардың өз тағдырын өздері шешу құқығын қолдауға үндеді.

Жиынды ашу кезінде Ердоған "Егер БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі жауапкершілікті мойнына алудан тартынса, халықаралық қауымдастық сириялықтардың өзін-өзі қорғау құқығын қабылдауға мәжбүр болады" деп мәлімдеді.

60-тан астам елдің өкілдері Стамбулға жиналып, БҰҰ мен Араб лигасының Сириядағы дағдарыс бойынша бейбітшілік жоспарын Дамаскіге қабылдату жайын талқылап жатыр.

Жиынның алдында өткен баспасөз мәслихатында сириялық оппозиция жетекшілерінің бірі Бурхан Гальюн Сирия президенті Башар Асадтың БҰҰ ұсынған бейбітшілік жоспарын қабылдайтынына күмәні зор екенін айтқан.

Сирия үкіметі бірнеше қаладағы халық толқуын біржола бастық деп мәлімдегенімен ол қалалардан әскер мен танкілерді бейбіт өмір қалпына келгенше шығармайтынын хабарлаған еді.
XS
SM
MD
LG