Accessibility links

Үш көршісі Пхеньянның зымыран жоспарын талқылады


Солтүстік Кореядағы Тонгчанг-ри ғарыш айлағының спутник түсірген суреті
Солтүстік Кореядағы Тонгчанг-ри ғарыш айлағының спутник түсірген суреті
Жапония, Оңтүстік Корея мен Қытайдың сыртқы істер министрлері 8 сәуір күні Қытайдың Нинбо қаласында кездесіп, Солтүстік Кореяның алыс қашықтыққа арналған зымыран арқылы спутник ұшыру жоспарын талқылады.

Қытайдың сыртқы істер министрі Ян Цзечи келіссөзді бастап тұрып: "Қытай Корей түбегіндегі соңғы оқиғаларға қатысты алаңдап отыр" деді.

Пхеньянның ғарышқа зымыран арқылы спутник ұшыру туралы жоспары Жапония, Оңтүстік Корея және АҚШ-та алаң туғызған еді. Тынық мұхитының Азия бөлігінде әскери базалары орналасқан бұл елдер Солтүстік Корея осы әрекеті арқылы алыс қашықтыққа ұшатын зымыранын сынақтан өткізуі мүмкін деп санайды.

Қытайдың сыртқы істер министрі Ян Цзечи бұл мәселеге қатысы бар барлық жақты сабыр мен тоқтамға шақырды. Солтүстік Корея үкіметі елдің негізін қалаушы Ким Ир Сеннің туғанына 100 жыл толуын атап өту үшін зымыранды 12-16 сәуір арасында ұшырамыз деп мәлімдеді. Жергілікті ақпарат көздерінің хабарлауынша, бұл іс-шара туралы хабар тарату үшін елге 30 шақты шетелдік журналист келіп жетті.
XS
SM
MD
LG