Еуропарламент президенті Мартин Шульц кеше Украина билігінің бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенконы түрмеге қамап отырғанын сынады. Ол «өткен аптада Тимошенконы түрмеде ұрып-соқты деген хабарлардың түскенін, егер бұл ақпараттар рас болса, Украинаның атына кір келетінін» айта келіп, «Ондайға мүлде жол берілмеуі керек» деп мәлімдеді.
Кеше кешкісін Шульц Брюссельде Украинаның премьер-министрі орынбасары Валерий Хорошовскиймен кездесуі керек болатын. Шульц «кездесу кезінде Киевтің әрекеттеріне наразылығымды айтамын» деген болатын.
Тимошенконың адвокаттары оның ұрып-соғу мен мәжбүрлеп емдеуге қарсы 20 сәуірде аштық жариялағанын айтады. Түрме әкімшілігі бұл ақпараттарды жоққа шығарып отыр.