Accessibility links

Бірлік күні Назарбаев зайыбымен ел алдына шықты


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен зайыбы Сара Назарбаева. Алматы, 3 сәуір 2011 жыл
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен зайыбы Сара Назарбаева. Алматы, 3 сәуір 2011 жыл

1 мамыр күні Алматы тұрғындарын Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаған президент Нұрсұлтан Назарбаев дүрбелеңге толы дүниеде адамдар бір-бірін ұлтаралық, дінаралық араздықтың кесірінен қырып жатыр деді.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Назарбаев: "Шығыс барыстарымыз деп жүретін мемлекеттердің қатарына кіріп, былтырғы жылы олардан озып, жан басына шаққанда 11 мың доллардан артық табысы бар ел болдық. Шығыс Еуропа мемлекеттерімен тереземіз тең. Дүниежүзінде Қазақстанның мерейі үстем болды. Осының барлығы - еліміздің бірлігі мен татулығының арқасы" деді.

Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы мерекелік іс-шараға зайыбы Сара Назарбаевамен бірге келді. Бірлік күніне арналған концерт "Астана" алаңында ұйымдастырылды. Оған қазақстандық белгілі эстрада әншілері мен ұлттық-мәдени орталықтар қатысып жатыр.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, "Астана" алаңы темір қоршаумен жабылып, қала тұрғындары концертті Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың ескерткіштері орналасқан саябақта тұрып тыңдауға мәжбүр болды. Саябаққа кіру үшін де алматылықтар арнайы тексеруден өтті.

Аты-жөнін айтқысы келмеген Алматы тұрғыны Азаттық тілшісіне: "Келгеніме екі сағат болды. Немене көрем, маңайына жолатпаса? Жүрмін айналып, милиция анда барсам, мұнда қуады, мұнда келсем, анда қуады" деді.
XS
SM
MD
LG