Accessibility links

Атырауда қытайлық компания жұмысшылары жұмысты тоқтатты


Қытайлық Sinopec Engineering компаниясының мердігері "Евразия строй капитал 2007" жұмысшылары наразылық білдіріп тұр. Атырау, Балықшы ықшам ауданы, 3 мамыр 2012 жыл.
Қытайлық Sinopec Engineering компаниясының мердігері "Евразия строй капитал 2007" жұмысшылары наразылық білдіріп тұр. Атырау, Балықшы ықшам ауданы, 3 мамыр 2012 жыл.
Атырау мұнай өңдеу зауытына қарасты хош иісті көмірсутектер зауытын салып жатқан қытайлық Sinopec Engineering компаниясының мердігері "Евразия строй капитал 2007" компаниясының 200-ге тарта жұмысшысы жұмыстарын тоқтатты деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

"Жұмысшылар негізі 2 мамырда жұмыс жағдайын жақсарту, жалақыдағы айырмашылықты жою, жатын орын, тамақтану сияқты мәселелерді шешу талаптармен жұмысты тоқтатып, ереуілге шықты. Олардың барлығы Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған, көпшілігі Қытайдан келген оралмандар" дейді Азаттық тілшісі.

Вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмысшылардың айтуынша, олар тіпті мереке күндері де жұмыс істегенімен, жалақылары толық есептелмейді. "Тіпті зейнетақы қорына аударылатын ақшамыз да бір жыл бойы аударылмай келген. Біз 40 күні істеп 40 мың теңге алсақ, өзімізбен қатар жұмыс істейтін қытай азаматтарының ең төменгі айлығы - 230 мың теңге" дейді жұмысшылардың бірі.

Олар осы мәселелерді көтеріп, компанияның бас директоры Чин Еге өткен жылдың желтоқсаны мен биылғы қаңтар айларында бірнеше рет өтініш жасаған. "Бірақ олардың талап-арызына басшылық көңіл бөлмеген. Ал 2 мамырда жұмысшылар жоғарыдағы талап-арыздарымен облыстық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментіне, прокуратураға шағымданды. Бүгін олар (3 мамыр) "Нұр Отан" партиясының облыстық филиалына шағым түсірмек" дейді Азаттық тілшісі.

Бұл мәселеге орай Азаттық тілшісі "Евразия строй капитал 2007" фирмасының директоры Чин Еге хабарласқан. Бірақ телефон тұтқасын көтерген оның орынбасары Алтай Томақаев мәселеге қатысты ешқандай түсінік бермейтінін айтты.

Жұмысшылар талаптары орындалғанша жұмысқа шықпайтындарын айтып отыр.
XS
SM
MD
LG