Accessibility links

Франсуа Олланд Франция президенті болып сайланды


Франсуа Олланд сайлаудың алғашқы нәтижелері шыққан соң Тюль қаласында жақтастары алдында сөйлеп тұр. Франция, 6 мамыр 2012 жыл.
Франсуа Олланд сайлаудың алғашқы нәтижелері шыққан соң Тюль қаласында жақтастары алдында сөйлеп тұр. Франция, 6 мамыр 2012 жыл.
Франциядағы президент сайлауының ақтық кезеңінде социалистік партиядан үміткер Франсуа Олланд 51 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті. Оның қарсыласы қазіргі президент Николя Саркози 49 пайыз дауыс жинаған. Дауыс беруге сайлаушылардың 80 пайызы қатысқан.

Олландтың жақтастары жексенбі кешкісін оның жеңісін тойлауға Париждің Бастилия алаңына жиналған. Олар қолдарына жалауша, шар және cоциалистік партияның сиvволы - раушан гүлін ұстап шыққан.

Парижге келмей тұрып, Тюль қаласында жақтастары алдында сөйлеген Франсуа Олланд өзіне қарсы дауыс бергендердің ұстанымын да құрметтейтінін және барлық француздардың президенті болғысы келетінін айтты.

Ал Николя Саркози сайлаудың алдын ала нәтижелері шыға бастағанда өзінің жеңілгенін мойындап, Франсуа Олландқа сәттілік тіледі. Ол өзін қолдап дауыс бергендерді бірлікке шақырды. Саркози маусым айында өтетін парламент сайлауында оңшылдардың сайлау кампаниясын басқармайтынын айтты.

Олландты бірқатар елдердің басшылары мен министрлері жеңісімен құттықтап жатыр. Германияның сыртқы істер министрі Гидо Вестервелле жексенбідегі жеңісті "тарихи сәт" деп бағалап, "Франция мен Германия Еуропа Одағындағы қаржы дағдарысымен бірге күреседі" деді. Канцлер Ангела Меркель Олландты келіссөздер жүргізуге Берлинге шақырды.

Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон да Олландты жеңісімен құттықтап, екі ел байланысының күшейетініне сенім білдірді.

АҚШ президенті Барак Обама Олландты телефонмен құттықтап, оны "Үлкен сегіздік" елдері мен НАТО саммитінің қарсаңында Вашингтонға келіп кетуге шақырды.

Франсуа Олландты Италия, Испания және Канаданың президенттері де құттықтады.
XS
SM
MD
LG