Accessibility links

Шетпе оқиғасына байланысты сот үкімі шықты


Шетпе оқиғасы бойынша айыпталушылардың бірі сот залында. Ақтау, 17 сәуір 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Шетпе оқиғасы бойынша айыпталушылардың бірі сот залында. Ақтау, 17 сәуір 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Шетпе оқиғасына байланысты Ақтауда өткен сотта айыпталушылардың бірнешеуі бас бостандығынан айырылып, біразы рақымшылық заңмен босатылды. Сотталған азаматтардың жақындары үкімнің әділетсіз болғанын айтады. Ал қоғамдық комиссия өкілінің ойынша, сот процестері «алдын-ала белгіленген сценарий» бойынша өтіп келе жатыр.

Бүгін Ақтаудағы оралмандарды бейімдеу орталығында 2011 жылы желтоқсанның 17-сі күні Шетпеде болған оқиғаға қатысты сот үкімі оқылды.

– Бес адам жаза алып, алты адам рақымшылықпен босап отыр. Бір адам ақталды, – дейді бұл туралы Азаттық радиосына хабарлаған айыпталушылардың адвокаты Жоламан Мырзатаев.

Үкім бойынша, айыпталушы Қажымұрат Әбезов – 7 жылға, Ержан Мәмбетов – 5 жылға, Ғабиден Бақытжан – 5 жылға, Нұрболат Сабырбаев – 4 жылға сотталды. Қажымұрат Әбезов қатаң режимдегі колонияда, ал қалған үш азамат жалпы режимдегі колонияда жазасын өтейді.

Ал айыпталушы Қасым Ермұқанұлына екі жыл шартты жаза берілді.

Сот Шетпе оқиғасы бойынша алты азаматты рақымшылық заңмен босату туралы үкім шығарған. Олар – Бекберген Жылқышиев, Қуаныш Төлеуов, Дүйсенбек Сәдіғұлов, Асылбек Төлеев, Есенқос Дұрысбаев, Асан Әдиев.

Сот бір айыпталушы – Жұмабек Мырзатаевты толық ақтап шығарған.

Үкімді Маңғыстау облыстық сотына 15 күннің ішінде апелляцияға беруге болады.

Twitter-дегі ақпарат бойынша, үкім оқылып біткеннен кейін сотталған төрт айыпталушыдан басқасын сот залынан бірден босатқан.

"Бұл қылмыстық іске байланысты сот отырыстары ашық, мүдделі тараптардың бәрінің қатысуымен өтті. Ақпарат құралдары мен Қазақстан қоғамы өкілдері, халықаралық бақылаушылар да залға кіріп, процесті бақылауға мүмкіндік алды" деп хабарлады бүгін Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі бұл шешімге байланысты.

«НЕ СЕБЕПТІ БІР АЙ БОЙЫ СОТ ПРОЦЕСІН ӨТКІЗГЕНІН ТҮСІНБЕЙМІН»

Бес жылға сотталған Ғабиден Бақытжанның әкесі Қоянбай Бақытжанов сот үкімі әділетсіз шығарылғанын, процестің тым біржақты өткенін айтады.

– Тек жалаға қатысты жақтарын алады да, қалғандарын мүлдем назардан тыс қалдырды. Бірде-бір дәлел келтірілген жоқ. Видео, фото – ешқандай дәлелдемелері жоқ. Құр ауызша, «тергеушілер айтты екен» деп соттайды. Не
Шетпе сотының үкімін естіген ана. Ақтау, 21 мамыр 2012 жыл. (Суретті блогшы Дина Байділдаева түсірген)
Шетпе сотының үкімін естіген ана. Ақтау, 21 мамыр 2012 жыл. (Суретті блогшы Дина Байділдаева түсірген)
себепті бір ай бойы сот процесін жасағанын түсінбеймін. Бір ай бойы қаңғытпай, сот процесін жасамай, тергеушілердің айтқанын оқи салу керек еді. Жоғарыдан сондай нұсқау боп тұрған ғой, – дейді Қоянбай Бақытжанов.

Төрт жылға сотталған Нұрболат Сабырбаевтың анасы Айнаш есімді әйел де сот үкіміне әділетсіз деп реніш білдіріп, ұлының «жазықсыздан-жазықсыз сотталып бара жатқанын» айтты.

– Сот барысында ешқандай дәлел болмады. Видео да жоқ. Сонда да соттап отыр. Ұлым ешбір кінәсіз сотталып бара жатыр, – деді ол.

«ҚАЛАЙ ДА СОТТАУ КЕРЕК БОЛДЫ»

Ақтауда өткен сот процестеріне қатысып жүрген қоғамдық комиссия өкілі Жәнібек Қожық сот үкімінің «саясиланғанын», «жоғарыдағылардың сценариі бойынша
Шетпе сотының үкімін естіген жұрт. Ақтау, 21 мамыр 2012 жыл. (Суретті блогшы Дина Байділдаева түсірген)
Шетпе сотының үкімін естіген жұрт. Ақтау, 21 мамыр 2012 жыл. (Суретті блогшы Дина Байділдаева түсірген)
өткенін» айтады. Оның ойынша, «айыпталушылардың еш кінәсі болмаса да, сот олардың бір бөлігін кінәлі етіп шығаруының» себебі бар.

– Олардың бәрін босатпауының себебі – әуел баста олар «қылмыскер, бұзақылар» деп ұстап алғаннан кейін қалай да соттау керек болды. Сондықтан төртеуін соттап жіберді. Ал бәрін соттатып жіберуге халықтан да қорықты. Менің ойымша, Ақтау қаласында өткен төрт сот та, болашақта өтетін екі сот та алдын-ала белгіленген сценарий бойынша жүріп келеді, – дейді Жәнібек Қожық.

Өткен жылы желтоқсанның 17-сі күні Шетпе станциясында жаңаөзендіктерді қолдаған тұрғындар мен полиция арасында қақтығыс болып, ресми ақпарат бойынша бір адам қаза тауып, он шақты адам жараланған еді.

Кейін осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, 12 азаматқа «көлік құралдарын тоқтатты» (299-баптың 1-бөлім), «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды және соған қатысты» (241-баптың 1,2,3-бөлімдері), «мемлекеттік орган қызметкерлерінің өміріне қауіп төндірді» (321-баптың 2-бөлімі) деген айыптар тағылды.

Төрт жылға сотталған Нұрболат Сабырбаевтың анасы Айнагүл Бекенова сот үкімін естіген соң жылап тұр.
(Блогшы Дина Байділдаева түсірген видео)

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG