Accessibility links

Ресей аймақтарына басшы сайлау хақы қайтарылды


Татарстан президенті Рустам Минниханов пен республика парламентінің спикері Фарид Мухаметшин. Қазан, 16 қыркүйек 2010 жыл
Татарстан президенті Рустам Минниханов пен республика парламентінің спикері Фарид Мухаметшин. Қазан, 16 қыркүйек 2010 жыл

Ресейдің 83 аймағында жергілікті атқарушы билік басшыларын сайлау туралы жаңа заң жұмадан (маусымның 1-і) бастап күшіне енеді.


Ресейдегі аймақтық парламенттер өз жетекшілерін өздері сайлауға негіз болатын заң жобасын қызу дайындап жатыр. Ресейдің 83 аймағындағы президент сайлауын өткізуге жол ашатын федералдық заң сегіз жылдан кейін қайта жанданып, маусымның 1-нен бастап күшіне енеді.

8 ЖЫЛДАН СОҢ ҚАЛПЫНА КЕЛГЕН ҚҰҚЫҚ

Бұл процесс тәуелсіздік туралы ұстанымы өзгеше Татарстанда әлдеқайда тартысты өтіп жатыр. Татарстанның Кремль тағайындаған қазіргі президенті Рустам Миннихановтың алдағы үш жылда мерзімі аяқтала қоймайды. Бірақ бұл елдегі заң шығарушылар оның мұрагерін сайлау туралы жаңа заң жобасын дайындауға кірісті.

Басқа аймақтарда талқылаулар «Единая Россия» мен басқа саяси партиялар арасындағы күрес төңірегінде өрбісе, Ал Татарстандағы билік партиясының филиалы Мәскеудің ықпалын барынша азайтуға тырысып жатыр.

Татарстан парламентіндегі «Единая Россия» партиясының депутаты, тарихшы Рафаэль Хакимов Азаттықтың Татар-башқұрт қызметіне берген сұхбатында:

- Мәскеу «Не айтсақ, соны істе» дейді. Бірақ біз бұған қатысты өз ойымызды айтуымыз керек. Қол қойдыру үшін әркез Мәскеуге бара бермейтіндей, өзіміз шешім қабылдауымыз керек, - деді.

АЙМАҚ БАСШЫСЫН ДЕПУТАТТАР ҰСЫНАДЫ

Татарстан парламентінде дүйсенбі күні бірінші оқылымда қабылданған заң жобасы бойынша, барлық кандидаттарды саяси партиялар ұсынуы керек болады. Десе де Хакимов сияқты «Единая Россияның» кейбір депутаттары Мәскеудегі партияның бас кеңсесінен гөрі гөрі парламент спикері Фарид Мухаметшин жетекшілік ететін жергілікті филиал көбірек шешім қабылдағанын қалайды.

Аталған заң жобасына сәйкес, кандидаттар әр ауданнан сайланған жергілікті депутаттардың 5 пайыздан жоғары қолдауына ие болуы тиіс. Шамалап айтқанда 34 аймақтан 408 қол жинауы қажет. Татарстан халқы жергілікті депутаттар ұсынған кандидаттар ішінен ғана өз таңдауларын жасап, оларға дауыс бере алады.
Татарстан парламентінің отырысынан көрініс. Қазан қаласы
Татарстан парламентінің отырысынан көрініс. Қазан қаласы

Татарстанның бүкіл аймағындағы депутаттар ішінде «Единая Россия» партиясының өкілдері 8 мыңнан асады. Одан кейінгі орында 150 депутаты бар Коммунистік партия мен 82 өкілі бар «Справедливая Россия» партиясы тұр.

Татарстандағы «Единая Роосия» филиалының мұндай басымдығы оның қалаған кандидатын ұсынуына жол ашады. Сол себепті бұл партия бүкіл процесті бақылап отырады деп алаңдайтындар да бар.

Сонымен қатар жаңа заң жобасында, республика президенті Татарстанның ресми тілдері – татар және орыс тілдерінде бірдей сөйлеу керек деген талап жоқ. Татарстан конституциясында ондай талап болғанымен, кейбір бақылаушылар заң жобасында оның болмауы, татар тілінің мәртебесін әлсіретуі мүмкін деген ойда.

Татарстан депутаттары бұл заң жобасына өзгерістер енгізуді маусымның 21-не жоспарлап отыр.

ПУТИН ТОҚТАТҚАН САЙЛАУЛАР

2004 жылға дейін губернаторлар мен аймақ басшылары сайланып келген еді. Алайда 380 адамның өмірін қиған Беслан оқиғасы сияқты террорлық шабуылдардан кейін, президент Владимир Путин губернаторлық сайлауларды тоқтатып тастаған.

Енді Дмитрий Медведев президенттігі кезінде басталған реформалар маусымның 1-нен күшіне еніп, аймақтық басшыларды сайлау қалпына келтірілмек.
Ресей премьер-министрі кезінде Владимир Путин (бергі жақта) Татарстан президенті Рустам Миннихановпен бірге Қазандағы жаңа стадионды ашуға бара жатыр. 6 мамыр 2010 жыл
Ресей премьер-министрі кезінде Владимир Путин (бергі жақта) Татарстан президенті Рустам Миннихановпен бірге Қазандағы жаңа стадионды ашуға бара жатыр. 6 мамыр 2010 жыл

Федералдық заңда адам жасына немесе азаматтығына қатысты талаптар бар. Ең маңызды шектеуге сәйкес кандидатты әр қаладағы заң шығарушы орган (Қазақстандағы мәслихатқа ұқсас) мүшелерінің кем дегенде 5-10 пайызы қолдап шығуы тиіс. Бұл жағдай бүкіл елдегі жергілікті заң шығарушы органдарды өз бақылауында ұстап отырған, «Единая Россия» партиясын күшейте түспек дейді Азаттыққа пікір білдіргендер.

Татарстандағы Коммунистік партия жетекшісі Хафиз Миргалимов:

- Федералдық орталыққа мұндай «сүзгі» қажет. Себебі олар өз кандидаттары Татарстан президенті бола алмай қала ма деп қорқады. Бұл демократиядан кері кеткен қадам, - деді.

ТАТАРСТАН «ПРЕЗИДЕНТ» СӨЗІНЕН БАС ТАРТПАЙДЫ

Мәскеудің «Ресейде бір ғана президент бар» деген ұстанымына қарамастан, Татарстан өз жетекшісін әлі де президент деп атап келеді. Президент сайлауы туралы республика конституциясындағы бап 2004 жылы «уақытша ғана тоқтатылған».
Адамдарға ерікті түрде өз басшыларын сайлауға мүмкіндік беру – Ресейдің бұрынғы президенті Борис Ельциннің демократияға қосқан зор үлесі болды.
Татарстанды 1996-2001 жылдары басқарған Минтимер Шаймиев, 2004 жылы-ақ аймақтық басшылар сайлауын алып тастауға қарсы шыққан. Осы аптада парламенттегі талқылауда да Шаймиев: «Адамдарға ерікті түрде өз басшыларын сайлауға мүмкіндік беру – Ресейдің бұрынғы президенті Борис Ельциннің демократияға қосқан зор үлесі болды» деді.

«Единая Россия» депутаты Хакимов та бұл пікірді қайталап, сайлауларды қайтару - Татарстан мен басқа да аймақтарда болатын өзгерістердің бастауы болар деген үміт білдірді.

- Демократиялық жағынан біз Еуропамен бәсекелесе алмаймыз. Біздің өз демократиямыз бар. Ол демократиямыз Татарстанды қазіргі күйінде сақтау. Қазір біз президенттік сайлау құқығын қайтарғанымызға қуаныштымыз. Бұл заң жобасын парламентте қолдап дауыс берген кезде көпшілігіміз ақырындап федерализмге қайтып оралуымыз мүмкін деп үміттендік, - деді татар депутаты.
XS
SM
MD
LG