Accessibility links

Чемпионаттан соң ұлттық командалардың рейтингі жарияланды


Испания ұлттық құрамасы Euro-2012 чемпионы болды. Киев, 1 маусым 2012 жыл.
Испания ұлттық құрамасы Euro-2012 чемпионы болды. Киев, 1 маусым 2012 жыл.
ФИФА рейтингінде Қазақстан құрамасы ай сайын төмендеп барады. Мамыр айындағы тізімде 137-орында тұрған Қазақстан маусымда 141-сатыға төмендеген еді. Ендігісі – 147-орын.

Рейтингте Чад (123-орын), Кения (125), Руанда (125), Танзания (127) сияқты африкалық елдер Қазақстаннан жоғары тұр. Сирия (132), Таити (138), Никарагуа (141), Гренада (142) құрамалары да ФИФА рейтингінде Қазақстаннан озық.

Орта Азияда Өзбекстан футболының деңгейі жоғары – 65-орын. Тәжікстан - рейтинг бойынша 124-орында, ал Түркменстан - 137-сатыда. Қырғызстан құрамасы - 196-орында.

РЕЙТИНГ - МЫҚТЫ ЕЛДЕР ҮШІН МАҢЫЗДЫ,
БІРАҚ ҚАЗАҚСТАН АЛАҢДАМАЙДЫ


Футбол шолушысы Ермұхамед Мәуленнің айтуынша, бұл рейтинг Қазақстан футболының даму деңгейін көрсетпейді.
Қазақстан чемпионатының бір сәті. Йосип Кнежевич (оң жақта), "Қайрат" футбол клубының жартылай қорғаушысы. (Көрнекі сурет)
Қазақстан чемпионатының бір сәті. Йосип Кнежевич (оң жақта), "Қайрат" футбол клубының жартылай қорғаушысы. (Көрнекі сурет)

- ФИФА рейтингісі - Италия, Испания, Бразилия, Германия сияқты мықты елдер үшін маңызды. Ал Қазақстанның нәтижесі төмендеп кетті деп алаңдауға болмайды. Қазақстан құрамасы Чад, Кения, Сирия, Тәжікстан, Түркіменстан командаларымен кездессе, ұтатыны сөзсіз. Сондықтан бұл рейтингіге қарап, футболдың дамуын салыстыруға болмайды. Африкалық елдермен салыстырғанда Қазақстан футболының даму деңгейі жоғары, - дейді шолушы.

Қазақстан жастар құрамасының ойыншысы Саят Сариев бұл рейтингіге мүлдем мән бермейтінін айтады.

- Рейтингіні арнайы қадағалап отырмаймын. Тек Қазақстан құрамасының бұл рейтингіде төмен орында екенін әлеуметтік желілерден оқып қаламын. Бірақ бұл рейтингіге мән бермеймін, - дейді футболшы.

1990-жылдары Қазақстан құрамасында ойнаған Болат Есмағамбетов "ФИФА-ның бұл рейтингісі Қазақстан футболының бүгінгі деңгейін нақты көрсетеді" дейді.

- Қазақстан футболының деңгейі 147-орынмен бағаланыпты. Бұл - дұрыс бағалау. УЕФА-ға мүше болғалы 10 жылдан асты - бір ауыз толтырып айтар жетістігіміз жоқ. Шетел командаларында ойнап жүрген футболшыларымыз бар ма? Жоқ! Демек, нәтижеміз төмендей береді. Федерацияда ақша бар. Бірақ сол ақшаны дұрыс жолға пайдалана алмай отырмыз. Клубтарымыз Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының іріктеуінен өте алмайды. Ішкі чемпионатынымыздың деңгейі де төмен, бәсекелестік шамалы. Бұл жайттың барлығы ФИФА рейтингіне әсер етеді. Шыны керек, Қазақстан құрамасы қазір Еуропадағы «ұпай таратушы» мемлекетке айналып барады. Мұны УЕФА мен ФИФА да біліп отыр, - дейді ардагер футболшы.

ИСПАНИЯ – КӨШ БАСЫНДА

Еуропа чемпионатын ұтқан Испания командасы ФИФА рейтингісінде бірінші орынды сақтап қалды.

Екінші орында - Германия құрамасы, үшінші орында Уругвай командасы тұр.
2010 жылғы әлем чемпионатында Уругвай ұлттық құрамасының шабуылшысы Диего Форланның гол соққан сәті. Оңтүстік Африка, Кейптаун, 6 маусым 2010 жыл.
2010 жылғы әлем чемпионатында Уругвай ұлттық құрамасының шабуылшысы Диего Форланның гол соққан сәті. Оңтүстік Африка, Кейптаун, 6 маусым 2010 жыл.

Англия екі саты жоғарылап, төртінші орынға келді. Ал Португалия бес саты өрлеп, бестікке енді. Италия құрамасы алты саты жоғарылап, алтыншы орынға тұрақтады. Голландия командасы төртінші орыннан төмендеп, сегізінші сатыға сырғанапты. Хорватия (тоғызыншы орын) мен Дания (оныншы орын) бір тұғырға төмендеді.

Қазіргі әлем футболының үздік ондығы мына ұлттық құрамалар:

ФИФА рейтингі. Шілде айы бойынша.

(Жақша ішіндегі көрсеткіштер - құраманың қанша орын түсіп-жоғарылағаны. Мәселен, "(0). Испания" - команданың бұрынғы орнында тұрғанын білдіреді).

1. (0). Испания - 1691 ұпай,
2. (+1). Германия - 1502 ұпай,
3. (-1). Уругвай - 1297 ұпай,
4. (+2). Англия - 1294 ұпай,
5. (+5). Португалия - 1213 ұпай,
6. (+6). Италия - 1192 ұпай,
7. (0). Аргентина - 1095 ұпай,
8. (-4). Голландия - 1079 ұпай,
9. (-1). Хорватия - 1053 ұпай,
10. (-). Дания - 1017 ұпай.

Үздік ондықтан тыс өзгерістер: Грекия үш сатыға көтеріліп, 12-орынды алыпты; Ресей (13-орын), Франция (14), Швеция (17) қозғалған жоқ; Euro-2012-де ширек финалға шыққан Чехия құрамасы 27-орыннан 18-сатыға жоғарылаған; Ирландия құрамасы 18-орыннан 26-орынға төмендеген; Украинда 6 саты жоғарылап, 46-орынға көтерілді; Өткен айда 62-орында тұрған Польша шілденің рейтингісінде 54-сатыға орналасқан.

КОНБЕВАЛ (Оңтүстік Америка футбол қауымдастығы) аймағында ойнайтын Бразилия командасы ФИФА рейтингінде 11-орында тұр.
XS
SM
MD
LG