Accessibility links

Саясаткерлер Серік Сапарғалиға араша сұрады


Оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин баспасөз жиынында. Алматы, 10 шілде 2012 жыл.
Оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин баспасөз жиынында. Алматы, 10 шілде 2012 жыл.
Бүгін бір топ оппозиция өкілі қамаудағы саясаткер Серік Сапарғалиға араша сұрап, ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) төрағасы Нұртай Әбіқаевтың атына хат жазды.

Алматыда баспасөз жиынын өткізген Серікболсын Әбділдин, Жасарал Қуанышәлин және Ғазиз Алдамжаров "Сапарғали мұнайшылар ереуілі кезінде теріс әрекет жасамады" деп, оны ешқайда кетпеу туралы қолхатпен қамаудан босатуды сұрады.

Болат Атабаевты босату кезінде оның жасы мен денсаулық жағдайы да ескерілгенін айтқан саясаткерлер "Сапарғалидың жасы егде екенін" және "қант диабетімен ауыратынын" айтады.

"Бұл өтінішіміз орындалмаған жағдайда бізге Сапарғалидың қамқоршылары ретінде Ермек Тұрсыновқа берілген барлық өкілеттіктер мен құқықтарды беріп, Ақтау қаласына барып іспен танысуға және жауап беру процесіне қатысуға рұқсат беруіңізді сұраймыз" делінген хатта.

Серік Сапарғали қазір "әлеуметтік араздықты қоздырды", "конституциялық құрылымды құлатуға шақырды" және "ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар" деп айыптадып, Ақтауда ҰҚК-нің тергеу абақтысында қамауда отыр.

"Әлеуметтік араздықты қоздырды" деген айыппен қамалған театр режиссері Болат Атабаев 3 маусымда босап шыққан еді. Кинорежиссер Ермек Тұрсынов Атабаевтың босатылуына өзі араласып, "ҰҚК-ге өтініш айтқанын" мәлімдеген.
XS
SM
MD
LG