Accessibility links

Қазақстан шетелдік жұмысшы күшін тарту квотасын белгіледі


Қазақстан-Қытай газ құбырының құрылысы. Көрнекі сурет.
Қазақстан-Қытай газ құбырының құрылысы. Көрнекі сурет.
Қазақстан үкіметі басым жобалар бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға 2012 жылға арналған квоталар белгілеу туралы қаулы қабылдады.

Құжатқа сәйкес, «Қазақстан – Қытай» газ құбырының «С» желісін салу» жобасын, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының желілік бөлігін салу» жобасын және «Жаңажол газ өңдеу зауытының» екінші және үшінші кезегін салу үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру шарттары бекітілді.

Қаулының мәтіні мен қосымшалары сәрсенбі күні ресми басылымдарда жарияланып, қолданысқа енгізілді.

Сейсенбі күні Астанада өткен қазақ-қытай ынтымақтастығы комитетінің жанындағы сауда-экономикалық комитетінің жиынында Қытайдың коммерция министрінің орынбасары Цзян Яопин өз елінің азаматтарына Қазақстаннан жұмысшыларға арналған виза алу тәртібін жеңілдетуді көздейтін үкіметаралық келісімге жақын арада қол қойылатындығына үміт білдірген.

«Соңғы кезде біздің министрлік Қазақстанмен уақытша жұмыс күші туралы үкіметаралық келісімге қол қоюға белсенділік танытып келеді. Бірлескен іс-әрекеттің арқасында жақын арада біз бұл мәселеге байланысты ортақ бір пікірге қол жеткіземіз деп үміттенеміз», - деген Цзян Яопин.

Қытай шенеунігі соңғы уақытта «қытай кәсіпорындарына Қазақстанға жұмыс күшін әкелу үшін виза алу күрделі әрі ұзаққа созылатын іске айналғаны бірлескен жобаларды жүзеге асыруға кері әсер ететіндігін» айтып, Қазақстан жағынан қолайлы жағдай туғызуды сұрады.
XS
SM
MD
LG