Accessibility links

Сирия парламентінің мүшесі Түркияға қашып барды


Алеппо қаласының солтүстігіндегі бақылау бекетінде тұрған қарулы көтерлісішілер. Сирия, 24 шілде 2012 ж.
Алеппо қаласының солтүстігіндегі бақылау бекетінде тұрған қарулы көтерлісішілер. Сирия, 24 шілде 2012 ж.
Сирия парламентінің депутаты Ихлас әл-Бадауи есімді әйел бүгін Sky News Arabia телеарнасына берген сұқбатында президент Башар Асадтың режимінен қашып Түркияға барғанын мәлімдеді.

Сирия үкіметі "болмашы құқығын сұраған халыққа қарсы жабайы азаптау мен репрессиялар жүргізіп жатқанын" айтқан әл-Бадауи президент Асадтың билігімен ат құйрығын үзіскен алғашқы парламент депутаты. Ол парламентке биыл мамыр айында Алеппо провинциясынан сайланған және президент Башар Асад басқаратын Баас партиясының мүшесі.

Бұған дейін АҚШ Сирияның үкімет күштері Аллепо қаласында көтерілісшілерді басып-жаншуға әзірленіп жатыр деп мәлімдеген. Екі миллион тұрғыны бар Алеппо қаласы Сирияның экономикалық орталығы саналады.

Өміріне төнген қауіптен бассауғалаған бейбіт тұрғындар Аллепоны тастап шығуға мәжбүр болды. Осы кезге дейін мыңдаған адам Сирияны тастап Түркия, Ливан, Иордания мен Иракқа босып кетті.

Халықаралық қауымдастықтың Сириядағы жағдайды дипломатиялық жолмен шешу әрекеттері әзірге нәтижесіз қалып отыр. БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне мүше елдер бұл мәселеде ортақ пікірге келе алмады.
XS
SM
MD
LG