Accessibility links

Сарыбай Қалмырзаевтың қайтыс болғаны туралы хабарланды


Сарыбай Қалмырзаев. 12 қазан 2010 ж.
Сарыбай Қалмырзаев. 12 қазан 2010 ж.
Бүгін Қазақстанның ресми ақпарат құралдары 64 жасқа қараған шағында Сарыбай Қалмырзаевтың қайтыс болғаны туралы хабарлады. Алайда марқұмның қашан, қайда қайтыс болғаны туралы айтылмайды.

Сарыбай Қалмырзаев 1949 жылы маусымда Жамбыл облысында дүниеге келген. Совет кезінде Қазақстанның статистика органдарында еңбек еткен Қалмырзаев 1991 жылдан 1997 жылға дейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік жөніндегі комитетінің басшылығында жұмыс істеді.

Бұдан соң Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі, Жамбыл облысының әкімі қызметін атқарған ол 2004 жылдан 2008 жылға дейін Қазақстан Республикасының экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) төрағасы қызметін атқарды.

2008 жылдан Қазақстан президентінің іс басқарушысы болып істеген Сарыбай Қалмырзаев 2011 жылдың сәуір айында Қазақстан президенті іс басқармасының «Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы» мемлекеттік кәсіпорының басшысы болған.

Қазақстан Республикасының бірнеше мемлекеттік наградасымен марапатталған.

"Казинформ" агенттігінің хабарлауынша, Сарыбай Қалмырзаевпен қоштасу рәсімі шілденің 28-і күні сағат он екіде Астана қаласындағы Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрында болады. Шілденің 29-ы күні сағат 11.00-де Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленеді.
XS
SM
MD
LG