Accessibility links

Ақтөбелік рэпердің Кеңқияқтағы оқиғаға арналған әні цензураға ілікті


Тимур Туружановтың шілде айында өткізген концертінің афишасы. Сурет "Мой Мир" әлеуметтік желісінен алынған.
Тимур Туружановтың шілде айында өткізген концертінің афишасы. Сурет "Мой Мир" әлеуметтік желісінен алынған.
Өткен жылғы Кеңқияқ оқиғасына арналған әнді тыңдағандар көзіне жас алатынын айтады. Ал жергілікті клубта бұл әнді айтуға тыйым салынды.

Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңқияқ елді мекенінде шілденің 17-сі күні жергілікті рэпер-әнші, 24 жастағы Тимур Туружанов жеке концертін өткізген.

Әншінің анасы Гүлжан Қуантаеваның айтуынша, клуб басшылығы концертте ұлының 2011 жылы болған, 17 адам қаза тапқан Кеңқияқтағы трагедияға арналған әнін орындауға тыйым салған.

– Ұлым өткен жылы Кеңқияқта болған оқиғаға қатысты өлең шығарған еді. Өз жүрегінен шыққан нәрсе ғой. Әнде ол ешкімді балағаттап жатқан жоқ. Ешкімді де сөгіп жатқан жоқ. Бірдеңе қылайық дегендей ешкімді ештеңеге шақырған да жоқ болатын, - деп анасы әнге не себепті тыйым салынғанын түсінбейтінін айтты.
Ақтөбе облысы, Кеңқияқ ауылының тұрғыны Тимур Туружанов ән айтып тұр. Сурет "Мой Мир" әлеуметтік желісінен алынған.
Ақтөбе облысы, Кеңқияқ ауылының тұрғыны Тимур Туружанов ән айтып тұр. Сурет "Мой Мир" әлеуметтік желісінен алынған.

Гүлжан Қуантаеваның айтуынша, концерт болған күннің ертесінде жергілікті құқық қорғау органдары үйіне келіп, ұлының ән жазылған процессоры мен электрик болып істейтін ұлын жұмысынан алып кеткен.

– Ешкімге ештеңе айтылған да жоқ. Мен естіген кезде шошып кеттім. Дереу үйге барсам, олар шығып келе жатыр екен. «Не болды?» деп сұрап едім «ештеңе емес, қазір жібереміз» деп алып кетті. Таңертеңгі 10 жарымда алып кеткен баламды кешкісін сағат алтыда бір-ақ босатты, - дейді анасы.

Кеңқияқ ауылының тұрғыны Тимур Туружановтың әні.
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:38 0:00
Жүктеп алу

ӘНГЕ САРАПТАМА ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Гүлжан Қуантаеваның айтуынша, полиция сол әкеткеннен ұлының процессорын қайтармаған. Ал Кеңқияқ туралы әнге сараптама жүргізетінін айтыпты.

– Бірақ әнді әлі күнге дейін сараптамаға бермеген. Әлгінде барсам, милиция бастығы мені шақырып алды. Оған «Мұнда ешқандай біреуді балағаттағандай дүние жоқ қой» деп едім ол «Неге ол өстіп жазады? Неге өлген милицияны мадақтап жазбайды?» деді. «Енді ойына келмеген шығар. Ол онда ешкімді мадақтап жатқан жоқ. Кеңқияқтың бір жылдығына орай тек өз ойын жазды» дедім. Кейіннен әнді "экспертизаға жібереміз" деді. Содан бері хабар-ошар жоқ, - дейді анасы.
Кеңқияқ ауылындағы полиция бөлімшесі. Ақтөбе облысы, 1 шілде 2011 жыл.
Кеңқияқ ауылындағы полиция бөлімшесі. Ақтөбе облысы, 1 шілде 2011 жыл.

Ал бұл турасында репэр-әнші Тимур Туружановтың өзінен сұрағанымызда, «бұл жайында ештеңе айтқысы келмейтінін» айтты. «Білуі тиіс адамдар білді» деп қысқа қайырып, сөйлесуге ынта танытпады.

«Процессордың тәркіленуі» мен әншінің ұсталуына байланысты сәрсенбі күні Ақтөбе облыстық ішкі істер басқармасының баспасөз хатшысы Алмат Иманғалиевқа хабарласқанымызда, «бұл турасында ақпарат жоқ екенін, ертең хабарласуды» өтінді.

Ертеңінде, тамыздың 2-сі күні Алмат Иманғалиев «процессорды тәркілеген біз емес, ұлттық қауіпсіздік комитетіне (ҰҚК) хабарласып көріңдер» деді. Ал ҰҚК-нің Астанадағы баспасөз қызметіне телефон соққанымызда ешкім жауап берген жоқ.

Мұндай концерт болғанын, онда Кеңқияқ туралы ән айтылмағанын клуб басшылығы да, өзге тұрғындар да растайды.

Сәрсенбі күні концерт болған клубтың әдіскері Әсемгүл Өмірханқызы концерт бағдарламасын әнші клуб басшылығымен бірге отырып құрастырғанын айтты.

– Директордың өзі сол жігітпен сөйлескен. Бағдарламаларын құрысты. Ал Кеңқияқ туралы ән болатыны туралы мүлде айтылған да жоқ. Ондай ән бар екенін де бізге айтқан жоқ, - дейді ол.
Нұрлыбек Үргешбаев оқ іздерін көрсетті. Техника оқ өтінде қалған еді. Ақтөбе облысы, Кеңқияқ ауылы, 10 шілде 2011 жыл.
Нұрлыбек Үргешбаев оқ іздерін көрсетті. Техника оқ өтінде қалған еді. Ақтөбе облысы, Кеңқияқ ауылы, 10 шілде 2011 жыл.

Клуб директоры Әсемгүл Жылқыайдарқызы Кеңқияқ трагедиясына арналған әнге тыйым салынғанын жоққа шығарды.

– Мен көптеген әндерге тыйым салдым. Боқтық сөздері бар әндер болды. Оларға тыйым салдым. Ал қалғандарын айтпа дегем жоқ. Егер адам ешқандай саясат айтпаса, әнде ешқандай үгіт-насихат болмаса, онда неге менің тыйым салуым керек? Ол әнді мен жалпы естіген де жоқпын, - дейді Әсемгүл Жылқайдарқызы.

КЕҢҚИЯҚ ТУРАЛЫ ӘН МЕН ЖЕРГІЛІКТІ «ЖҰЛДЫЗ»

2011 жылы шілде айында Ақтөбе облысы Темір ауданында белгісіз топ пен полиция арасындағы қарулы қақтығыстан 17 адам (бесеуі - полицей, 12-сі – қарулы топ мүшесі) қаза тапқан еді. Ресми орындар полицияға қарсылық көрсеткендерді «дінді жамылып, мұнай ұрлаумен айналысқан топ» деп атады. Ресми мәліметтер бойынша, қарулы топ Сарыкөл, Шұбарши және Кеңқияқ ауылының тұрғындарынан құралған.

Рэпер-әнші Тимур Туружанов осы оқиғаға арнап шығарған әнінде оқиғаны қинала еске алып, соңын қара сөздермен «Мен кінәлап тұрғам жоқ. Кінәлі болғым да келмейді. Әрбір адамның өз пікірін айтуға құқығы бар. Бір жыл бұрын Кеңқияқта трагедия болды. Қаза тапқандардың арасында біздің де таныстарымыз болды. Оларды мәңгі есте сақтаймыз» деп аяқтаған.
Тимур Туружановтың шілде айында өткізген концертінің афишасы. Сурет "Мой Мир" әлеуметтік желісінен алынған.
Тимур Туружановтың шілде айында өткізген концертінің афишасы. Сурет "Мой Мир" әлеуметтік желісінен алынған.

Шұбарши тұрғыны Әлия Қалысбековадан бұл ән туралы пікірін сұрағанымызда:

– Ол өлеңді естіген сайын көзіңе жас аласың. Жылайсың. Жаның қиналады. Себебі онда қаза тапқандардың арасында біздің көз алдымызда жүрген балалар болды ғой. Бәрі таниды. Оның үстіне Тимурдың достарының арасында да інілері болған. Бұл Тимур сияқты жастардың ішкі ойлары. Фашист, жауыз болғанның өзіңде неге атып тастайды? Оларды тірідей ұстауға мүмкіндік болған кезде неге оларды атып тастаған? Соған жұрттың көбісі ыза болады, - деп жауап берді.

Оның айтуынша, Темір ауданында өте танымал бұл әнді үлкен де, кіші де тыңдайды.

– Бұл ән мұндағы бәрінің компьютерінде, телефонында бар. Менің телефонымда да бар, - дейді Әлия Қалысбекова.

Жақында Ақтөбедегі Азаттық тілшісі Шұбаршиден қалаға таксимен қайтып келе жатып жергілікті таксистердің осы әнді қосып келгеніне куә болды.

«Мынау кім?» деген тілші сұрағына таксист «Кенқияқтың «жұлдызы», менің кластасым. Біздің жігіттер Тиманын әндерін жатқа айтады» деп жауап берген.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG