Accessibility links

Сирия премьері көтерілісшілер жағына шықты


Сирия үкіметінің төтенше отырысы. Дамаск, 6 тамыз 2012 жыл.
Сирия үкіметінің төтенше отырысы. Дамаск, 6 тамыз 2012 жыл.
Әлем елдерінің жетекшілері Сирия премьер-министрі Рияд Хаджибтің Иорданияға қашып кетуін Башар Асад режимінің күйрей бастауының белгісі деп бағалап жатыр.

Дүйсенбі күні кеште Сирияның мемлекеттік телеарналары премьердің әуелі отставкаға кеткені туралы хабар таратқан еді. Кейіннен оның Иорданияға қашып кеткені туралы хабарлады. Премьердің атынан мәлімдеме жасаған көмекшісі оның бұдан былай режимге еш қатысы жоқ екенін және сириялық көтерілісшілер жағына өткенін хабарлады.

АҚШ президенті әкімшілігінің баспасөз хатшысы Джей Карней Рияд Хаджибтің отбасымен Иорданияға қашып кетуін Башар Асад режимінің күйрей бастағанын көрсетеді деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Башар Асад режимі "өз ішінен ыдырап жатыр және оның биліктен кету уақыты таяп қалды".

Францияның сыртқы істер министрлігі де премьердің биліктен сириялық көтерілісшілер жағына шығып кетуін "Асад режимі зорлық-зомбылық жолын таңдағандықтан қолдаудан айырылғанын дәлелдеді" деген пікір білдірді.

Исламның сүнниттік тармағын ұстанатын Рияд Хаджиб басқарушы әлеуиттік БААС партиясын ұзақ уақыттан бері қолдап келген. Онымен бірге Иорданияға қашқан көмекшісінің айтуынша, Хаджиб биліктен кетуді екі ай бұрын, Башар Асад оған я премьер-министр қызметін атқару, я "өлімді таңдауды" ұсынған кезде жоспарлағанын айтады.
XS
SM
MD
LG