Accessibility links

Қарағандыда бір топ адам аштық жариялайтындарын мәлімдеді


Қарағанды қаласындағы қирап қалған тұрғын үй. Қарағанды, 6 сәуір 2012 жыл.
Қарағанды қаласындағы қирап қалған тұрғын үй. Қарағанды, 6 сәуір 2012 жыл.
Қарағанды қаласындағы "Бесоба" тұрғын үй кешенінің бір топ тұрғыны өз бастарындағы жағдайға наразылық ретінде бүгіннен бастап аштық акциясын бастамақшы. Бұл туралы Азаттық радиосына өзін Қайратпын деп таныстырған бір тұрғын телефон арқылы хабарлады.

- Біз, он шақты адам, "Бесоба" жанындағы мешіт маңына жиналып бүгіннен бастап аштық жариялап отырмыз. Бізге қала аумағынан баспана беруді талап етеміз, қазір билік ұсынып отырған қаланың қиян шетіндегі Майқұдыққа ешкім бармайды. Әкімшілік бізге құлаған үйдің орнына басқа баспана берілетіні туралы нақты жазылған, құқықтық мәртебесі бар құжаттар берсін, - деді Қайрат.

Оның айтуынша, тұрғындар кеше өз талаптарымен облыс әкімімен кездесуге әрекет жасағанымен әкімге кіре алмапты. Бұл мәселеге байланысты сенбі күні Қарағанды облыстық және қала әкімдіктерінен ақпарат алу мүмкін болмады.

Қарағанда қаласындағы "Бесоба" тұрғын үй кешеніндегі осыдан үш жыл бұрын салынған көпқабатты үй биыл сәуірде құлап қалды. Заң орындары бұл оқиға бойынша құрылыс салған мердігер мен құрылысты жобалағандардың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.

Шілденің аяғында жергілікті билік "Бесоба" тұрғын үй кешеніндегі үйлер қиратылып, орнына жаңа тұрғын үй кешендері салынады деп мәлімдеген еді.
XS
SM
MD
LG