Accessibility links

Атырауда сотталушылардың туыстары наразылық танытты


Cотталған азаматтардың туыстары. Атырау, 13 тамыз 2012 жыл.
Cотталған азаматтардың туыстары. Атырау, 13 тамыз 2012 жыл.
Атырауда сотталған азаматтардың туыстары облыс әкімі мен облыс прокурорына барып, сот шешіміне наразылық білдірді.

Бірақ оларды облыс әкімі қабылдауына кіргізген жоқ. Ал түстен кейін арызданушыларды қабылдаған Атырау облыстық прокуроры Сайфулла Кемалов оларға құқықтарын түсіндіріп берген.

– Бізді облыс прокуроры қабылдады. Ол бізге ешқандай көмек көрсете алмайтынын, апелляциялық және одан ары қарай шағымдар жазуға құқымыз бар екені айтты. Оны өзіміз де білетін едік, – деді «ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы» ретінде 10 жылға түрмеге кесілген Асхат Өтешқалиевтің зайыбы Зарина Алиева.

Облыстық ауданаралық қылмыстық соты «алдын-ала ұйымдасқан адамдар тобы болып денсаулыққа қасақана зиян келтірді» және «бір немесе бірнеше қылмыс жасау мақсатында ұйымдасқан топ құрды, басқарды» деген айыптар бойынша өткен аптада 9 адамды 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандықтарынан айырған еді.

Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиевтың айтуынша, «сот отырысы барысында ол адамдардың 2005 және 2011 жылдары дәстүрлі емес діни ағымы бағытында ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны анықталған».

– Олардың былтырғы желтоқсан айында Атырау қаласы іргесіндегі Еркінқала елді мекенінде вахаббистік топтан шығып кетуге ниеттенген топ мүшелерінің бірін пышақпен ұрып жаралағандары анықталды. Оларда осындай «сатқындық» жасағандарды жазалайтын топ бар екені анықталған, – деді Боранбай Ғалиев.

Алайда туыстары сотталған азаматтардың діни топқа еш қатысы жоқ екенін, олар әу баста «қылмыс жасады, адам жаралады» деген күдікпен ұсталғанын, судьяның оларға қатаң жаза бергенін айтады.

– Мәселен, прокурор менің күйеуім Бауыржан Жаңбырбаевқа 7 жыл беруді сұрап еді, істі қараған судья Гүлнар Хаженова оған 8 жыл беруге шешім шығарды. Қалғандарына да үстеріне жылдар қосылып берілді, – дейді наразы азаматтардың бірі Алтыншаш Тайжанова.

«Сот шешімі әділетсіз болды» деп санаған сотталушылар отбасы жұбайларының «текке сотталуына жол бермейтінін», «қажет болса жаппай наразылық акциясына шығатындарын» айтты.
XS
SM
MD
LG