Accessibility links

Миллиардер "Время" газетін сотта жеңді


Сот төрешісінің балғасы. Көрнекі сурет.
Сот төрешісінің балғасы. Көрнекі сурет.
Қазақстанда шығатын «Время» газеті мен журналист Геннадий Бендицкий әрқайсысы моральдық өтемақы ретінде миллиардер Алиджан Ибрагимовқа 100 мың теңге (666 АҚШ доллары) төлейтін болды. Жұма күні кешке Алматының Жетісу аудандық сотының судьясы Светлана Суханова осындай шешім шығарды деп хабарлайды Forbes Kazakhstan басылымы.

Алиджан Ибрагимов өзі туралы биыл мамырда «Время» газетінде жарияланған журналист Бендицкийдің мақаласы шындыққа сәйкес емес деп, басылым мен журналисті сотқа берген еді. Ибрагимов соттан жауапкерлердің әрбірінен өзіне моральдық өтем ретінде 100 миллион теңгеден өндіріп беруді талап еткен.

Қыркүйектің 27-күні «Время» басылымы даулы мақалада сөз болған Алматының іргесіндегі жер теліміне Алиджан Ибрагимовтың қатысы жоқ екендігін айтып, мамырда шыққан мақалада деректер қате кеткені үшін оқырмандар мен Ибрагимов мырзадан газет беті арқылы кешірім сұраған еді.

Алиджан Ибрагимов Eurasian National Resources Corporation (ENRC) компаниясының меншік иелерінің бірі (14,59% үлесіне ие). Оның есімі Forbes Kazakhstan басылымының рейтингінде «Елдегі ең бай 50 адам» тізімінде екінші орында аталады, дәулеті 2,9 млрд. АҚШ долларына бағаланған.

1999 жылдан жарық көріп келе жатқан «Время» газетінде алғашқы күннен істеген журналист Геннадий Бендицкийдің биыл тамыз айында басылымнан өз еркімен жұмыстан кеткені хабарланған болатын.
XS
SM
MD
LG