Accessibility links

Иванишвили Грузия үкіметінің жаңа құрамын ұсынды


"Грузин арманы" коалициясының жетекшісі Бидзина Иванишвили. Грузия, 2 қазан 2012 жыл.
"Грузин арманы" коалициясының жетекшісі Бидзина Иванишвили. Грузия, 2 қазан 2012 жыл.
Грузиядағы парламент сайлауында жеңіске жеткен "Грузин арманы" коалициясының жетекшісі Бидзина Иванишвили үкіметтің жаңа құрамын ұсынды. Иванишвилидің өзі премьер-министр лауазымынан үміткерлер қатарында бар.

Тізімде қорғаныс министрі, вице-премьер қызметіне - "Біздің Грузия - еркін демократтар" партиясының жетекшісі Ираклий Аласания; әділет министрі - "Грузин арманы" коалициясының атынан сайлауға түскен Тея Цулукиани; ішкі істер министрі - "Грузин арманы" коалициясы лидерлерінің бірі Ираклий Гарибашвили; жаза орындау бойынша министр - Грузияның бұрынғы халық қорғаушысы Созар Субари; сыртқы істер министрі - коалицияның баспасөз-спикері Майя Панджикидзе; евроинтеграция бойынша мемлекеттік министр - коалиция белсендісі, "Біздің Грузия - еркін демократтар" партиясының өкілі Алекси Петриашвили; ауыл шаруашылығы министрі - бұрынғы (Эдуард Шеварднадзе тұсында) ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрі Давид Кирвалидзе; денсаулық сақтау министрі - бұрынғы еңбек, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрі (Шеварднадзе тұсында) Амиран Гамкрелидзе; ұлттық банк басшысы қызметіне - Cartu Bank директоры Нодар Джавахишвили ұсынылған.

Мәдениет және жәдігерлерді қорғау министрі лауазымына - жазушы Гурам Одишария, спорт және жастар ісі министрі орнына - Леван Кипиани, диаспора мәселелері жөніндегі мемлекеттік министр қызметіне Котэ Сургуладзе ұсынылған.

Вице-премьер, аймақтық даму және инфрақұрылым министрі лауазымына футболист Кахи Каладзе кандидатурасы ұсынылды. Бас прокурорлыққа адвокат Арчил Кбилашвилидің есімі аталып отыр.

Грузия парламенті төрағасы қызметіне - республикалық партия өкілі Давид Усупашвили, оның орынбасарлығына - "Демократиялық Грузия" партиясының өкілі Майя Кобахидзенің кандидатурасы аталған.

Қалған министрліктердің басшылығына ұсынатын адамдарының тізімін Иванишвили жақын арада жарияламақ.

Грузияда парламент сайлауы қазанның 1-і күні өтті. Жеңіске миллиардер Иванишвили жетекшілік ететін оппозициялық "Грузин арманы" коалициясы жеткен еді. Ендігі жерде Грузия парламентінде оппозициядан - 83, Саакашвили партиясынан 67 депутат бар.
XS
SM
MD
LG