Accessibility links

Маңғыстау сотының үкімі сынға ілікті


Тіркелмеген "Алға" партиясының лидері Владимир Козлов сот кезінде. Ақтау, 8 қазан 2012 жыл.
Тіркелмеген "Алға" партиясының лидері Владимир Козлов сот кезінде. Ақтау, 8 қазан 2012 жыл.
Халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар Жаңаөзен оқиғасы бойынша айыпталғандарға Ақтауда шығарылған сот үкіміне байланысты сын айтты.

Freedom House ұйымының еуразиялық бағдарламалар жөніндегі директоры Сюзан Корк «бұл процессуалдық қателіктері айқын көрінетін, өте саясиландырылған сот процесі болды» деп баға берген. «Козловтың ”қылмысы” - өз құқықтарын сақтауды талап еткен мұнай саласының жұмысшыларына заңды саяси іс-әрекетпен қолдау білдіргені» деді Корк «Америка дауысы» радиосына берген сұхбатында.

Freedom House өкілі Козловқа шығарылған үкім – «Қазақстандағы азаматтық қоғам үшін қатерлі белгі» деп атап, бұған ұқсас айыптар Қазақстан оппозициясы мен азаматтық қоғам өкілдерінің өзге де өкілдеріне қарсы қолданылуы мүмкін деп ескерткен.

Ақтаудағы сотта заң талаптары сақталмағанын ескерткен Норвегиялық Хельсинки комиссиясының өкілі Ивар Дале «Жаңаөзендегі наразылықтардың төркінін саяси оппозициядан іздеген Қазақстан билігінің қылығына алаңдап отырғанын» айтты. Козловқа шығарылған үкім Қазақстанның қазіргі заман тарихында «қара дақ» болып қалатынын айтқан Дале «Қазақстан билігі енді жеті жарым жыл бойы үнемі сынға ілігуге әзір болуы тиіс» деп мәлімдеді.

Freedom House пен Норвегиялық Хельсинки комиссиясы Владимир Козлов және өзге айыпталғандарға қарсы Ақтауда өткен сот барысын жіті бақылады.

Дүйсенбі күні Ақтаудағы Маңғыстау облыстық ауданаралық қылмыстық соты тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловтың мүлкін тәркілеп, өзін 7 жыл 6 ай жазаға кесу туралы үкім шығарды. Ал Ақжанат Әминов шартты түрде 5 жылға, Серік Сапарғали шартты түрде 4 жылға сотталды.
XS
SM
MD
LG