Accessibility links

Әблязовтарға жалған құжат жасауға қатысты деген күдіктілер қамалды


Мұхтар Әблязов.
Мұхтар Әблязов.
Бүгін Атырау қалалық №2 соты Әбілязовтардың отбасына жеке бас құжаттарын жасау үшін пара берді деген күдікпен Асылбек Сайфуллин мен Жомарт Көшәлиевті екі айға қамауға алуға санкция берді.

Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиевтің Азаттық тілшісіне айтуынша, бұл екі азамат Атырау облыстық әділет департаменті және Атырау облыстық Ішкі істер департаментінің көші-қон полициясы басқармасының лауазымды адамдарына пара беріп, шетелде жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтың отбасына жеке бас құжаттар жасатқан деген күдікпен ұсталып отыр.

"Атап айтқанда, Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаеваға, Сырым Шалабаевқа, Жанна Шалабаеваға, Айгүл Шалабаеваға, Сәлім Шалабаевқа және балалары Мадияр, Алдияр және Алуа Әблязовтарға ойдан шығарылған мекен-жаймен формулярлар толтырылып, төлқұжаттар әзірленген" деді Ғалиев.

36 жастағы Асылбек Сайфуллин «Эллис Регион» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде маркетлог болып қызмет істейді. Ал 29 жастағы Жомарт Көшалиев Атырау облыстық Ішкі істер департаментінің көші-қон полициясының инспекторы. Екеуі де Атыраудың тумасы.
XS
SM
MD
LG