Accessibility links

Тұтқын Челах өз-өзін өлтірмек болған деген хабар тарады


Шекарашы Владислав Челах "қылмыс жасағанын мойындап" тұр. (YouTube видеосынан жасалған скриншот). 13 маусым 2012 ж.
Шекарашы Владислав Челах "қылмыс жасағанын мойындап" тұр. (YouTube видеосынан жасалған скриншот). 13 маусым 2012 ж.
Арқанкергендегі бір топ адамның қазасына байланысты ресми айып тағылған Владислав Челах бейсенбі күні түрмеде өз-өзіне қол салмақшы болғанын айтып анасы Светлана Ващенкоға тергеуші хабарласқаны туралы ақпарат тарады.

"Маған кеше кешке тергеуші Сырлыбаев телефон шалып, Владиславтың өз трикосына асылып өлуге әрекет жасағаны, бірақ оған жол бермей алып қалғаны туралы айтты. Біз бүгін атасы екеуміз Талдықорғанға қарай жолға шықпақшымыз" деді бүгін Азаттық тілшісіне телефон арқылы Светлана Ващенко.

Анасы бұл суыт хабарға күдігі барын да айтады. "Осыдан бірнеше күн бұрын таныс қызына келген хатында Владислав кінәсі жоқ екендігіне жұрт сенетіндіктен өзінде өмірге деген құштарлық барын жазыпты" деді Ващенко.

Азаттық тілшісіне тергеуші Самат Сырлыбаев Челахтың анасымен сөйлескенін растады, бірақ одан басқа түсініктеме беруден бас тартты. Ал Челахтың адквокаты Төлеген Берліқожаев бүгін түске дейін қылмыстық іс материалдарымен танысқан кезде Владислав Челахты көргенін айтып берді.

"Маған тергеуші Сырлыбаев "Челахпен сөйлессеңші, ол өзіне өзі қол жұмсаймын деп қорқыта береді" деді. Бірақ Челахтың өзі маған ондай ештеңе айтқан жоқ. Жағдайы қалыпты сияқты" деді адвокат Берліқожаев.

Бұған дейін "Арқанкерген" бекетіндегі 14 шекарашы мен орманшының өліміне кінәлі деп қамауға алынған Владислав Челахқа қылмыстық кодекстің 8 бабы бойынша айып тағылған еді.
XS
SM
MD
LG