Accessibility links

АҚШ-та Лұқпан Ахмедьяровқа сыйлық тапсырылды


Қазақ журналисі Лұқпан Ахмедьяровқа берілген Питер Маклер сыйлығы. Сурет журналистің Facebook желісіндегі парақшасынан алынды.
Қазақ журналисі Лұқпан Ахмедьяровқа берілген Питер Маклер сыйлығы. Сурет журналистің Facebook желісіндегі парақшасынан алынды.
Сенбі күні Вашингтон қаласында Қазақстанның Орал қаласында шығатын "Уральская неделя" газетінің тілшісі Лұқпан Ахмедьяровқа журналистерге арналған Питер Маклер сыйлығын тапсыру рәсімі өтті.

"Бұл сыйлықты тек менің ғана емес, өз елімдегі көптеген әріптестерімнің үмітінің нышаны деп қабылдаймын" деді Лұқпан Ахмедьяров салтанатты шара кезінде.

Сөз бостандығы шектелген, я сақталмайтын елдердегі жағдайларды батыл жазған журналистерге берілетін Питер Маклер сыйлығын халықаралық Reporters Without Borders ("Шекарасыз тілшілер") ұйымы тағайындаған. Биыл бұл сыйлық қазақ журналисі Лұқпан Ахмедьяровқа тапсырылатыны туралы тамыз айында хабарланған.

Лұқпан Ахмедьяровқа 19 сәуір күні Оралда үйінің алдында белгісіз біреулер қарулы қастандық жасап, ауыр халде ауруханаға түскен еді. Операция жасаған дәрігерлер оған сегіз жерден пышақ ұрылғанын, тапаншадан атып жаралағанын айтады. Журналистің өзі қастандыққа қатысты соңғы уақыттары жариялаған мақалаларының шенеуніктерге ұнамай жүргенін айтқан.

Қазақстандық "Әділ сөз" қорының хабарлауынша, қазанның басында Батыс Қазақстан облысындағы бір ауданның әкімінің орынбасары өзінің "ар-намысына тигені" үшін журналист Лұқпан Ахмедьяровтан 10 миллион теңге өндіріп беруді сұрап сотқа арыз түсірді. Тамыз айында дәл осындай шағыммен журналистен 3 миллион теңге өндіріп беруді сұрап облыстық қаржы полициясының шенеунігі сотқа жүгінген еді.

Ал оған дейін Орал қалалық соты облыстық әкімдіктің ішкі саясат басқармасының бұрынғы бастығының шағымын қанағаттандырып, оған моральдық өтем ретінде бес миллион теңге төлеуді Ахмедьяровқа міндеттеп шешім шығарған. Облыстық сот бұл шешімді күшінде қалдырды.
XS
SM
MD
LG