«Берлин қаласының «Шарите» клиникасының дәрігерлері бүгін Харьков ауруханасында тексеруден өтіп жатқан Украинаның бұрынғы премьер-министрі тұтқындағы Юлия Тимошенконың денсаулығын қарауға келді» деп хабарлайды Риа-новости ақпарат агенттігі Харьковтегі «Батькивщина» облыстық ұйымының баспасөз хатшысы Юлия Германова сөзіне сілтеме жасап.
Оның сөзіне қарағанда неміс мамандарын Тимошенко жақтастары қарсы алған.Украина дәрігерлеріне сенбеген Тимошенко емдеуші дәрігер ретінде «Шарите» клиникасының қызметкерлерін таңдаған.
Тимошенко 2011 жылы қазан айында «2009 жылы Ресеймен газ келісімін жасағанда билігін асыра пайдаланды» деген айыппен жеті жарым жылға сотталып, өткен жылдың соңында Харьковтегі әйелдер колониясына жазасын өтеуге жіберілген еді.
Мамыр айынан бері Харьков ауруханасында жатқан Тимошенкоға «омыртқасында жарық (грыжа) бар» деген диагноз қойылған. Осы жағдайын алға тартқан бұрынғы премьер-министр өзінің үстінен жүргізіліп жатқан тағы бір сот процесіне қатысудан бас тартты.
Халықаралық медициналық комиссия 19 қыркүйекте Тимошенкоға «ауруханада жатып емделудің қажеті жоқ» деген шешім шығарған еді, бірақ украин және неміс дәрігерлері оны тағы да бір ай ауруханада қалдыра тұруды ұйғарды. Украина денсаулық сақтау министрлігі неміс дәрігерлерінің пікіріне құлақ асатындығын білдірді.