Accessibility links

Діни бірлестіктерді қайта тіркеу аяқталды


Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Лама Шариф.
Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Лама Шариф.
Қазақстанда діни ұйымдарды қайта тіркеу нәтижесінде 17 конфессияға тиесілі 3088 діни бірлестік қайта тіркелді деп хабарлады дін істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Қайрат Лама Шариф.

Өткен жылы қабылданған дін туралы заң бойынша Қазақстанда діни бірлестіктер мен ұйымдар 2011 жылы 25 қазаннан бастап бір жыл бойы қайта тіркеуден өткен.

"Казахстанская правда" басылымына берген сұхбатында Лама Шариф қайта тіркеу барысында елдегі діни конфессиялардың саны 46 емес, 17 екені анықталғанын айтады.

Оның айтуынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) ислам діни бірлестігі ретінде, ал оған қарасты 2228 мешіт басқарманың аймақтардағы филиалдары ретінде тіркелген.

"Осылайша республикада біртұтас ислам ұйымы қалыптасты. ҚМДБ республикадағы исламның тарихи ерекшелігіні ескере отырып, исламның сүнниттік бағыттағы Әбу Ханифа мазхабын және имам Матрудидің діни ілімін насихаттайды" деді агенттік басшысы.

Қайрат Лама Шариф Қазақстандағы орыс православ шіркеуі «Қазақстан православ шіркеуі» деген жаңа атауға ие болғанын айтты. Бұл шіркеудің 269 приходы қайта тіркелген. Ал иудаизмнің 26 бірлестігінің тек төртеуі ғана қайта тіркелген. Ол "дәстүрлі емес" діни ұйымдардың көпшілігі тіркеуден өтпегенін де айтады.

Қазақстандағы діни ұйымдарды қайта тіркеудің жайы туралы Қайрат Лама Шариф таяуда Алматыда өткен жиында да айтқан.
XS
SM
MD
LG