Accessibility links

Челах жарыссөзге 10 желтоқсанда шығатын болды


Владислав Челах сот залында. Талдықорған, 21 қараша 2012 жыл.
Владислав Челах сот залында. Талдықорған, 21 қараша 2012 жыл.
Владислав Челах пен оның адвокаттары соттың жарыссөз кезеңіне 10 желтоқсанда шығатын болды деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

Талдықорғанда өтіп жатқан сотта бүгін айыпталушы жақ жарыссөзге шығуы тиіс еді. Бірақ сотта Челахтың адвокаты Серік Сәрсенов өзінің жарыссөзге дайын емесін айтып, 13 желтоқсанға дейін дайындалуға мұрсат беруді сұрады. Оның ұсынысын басқа адвокаттар - Серік Естияров пен Жұмағайша Саржанова қолдады. Судья Ербол Ахметжанов адвокаттардың өтінішін ескеріп, айыпталушы жақты жарыссөзге 10 желтоқсанда шығаруға шешім шығарды.

Челах бұған дейін өзіне және адвокаттарына дайындалуға жеткілікті уақыт берілмеді деп, жарыссөз бен соттағы соңғы сөзін айтудан бас тартқан еді.

Владислав Челахқа 14 шекарашы мен бір орманшының қазасына қатысты бірнеше айып тағылып отыр. Сот 19 қарашада басталған.
XS
SM
MD
LG