Accessibility links

Екі ел министрлері Байқоңырға қатысты түсінік берді


Ресейлік жүк тасушы "Прогресс М-12М" зымыраны ғарыш айлағына қондырылды. Байқоңыр, тамыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет).
Ресейлік жүк тасушы "Прогресс М-12М" зымыраны ғарыш айлағына қондырылды. Байқоңыр, тамыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет).
Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Байқоңыр ғарыш айлағына қатысты Ресеймен арада "ешқандай жанжал, сенсация жоқ" деп мәлімдеді деп хабарлайды "Интерфакс-Қазақстан" агенттігі. Ыдырысов мұны Мәскеуде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесуден соң айтты.

Ерлан Ыдырысов бұған дейін ресейлік "Коммерсантъ" басылымына берген сұхбатында Ресейдің Қазақстанға Байқоңыр ғарыш айлағына қатысты жобаларды тоқтатуы жайында нота жібергені туралы ақпаратты "ақылға қонымсыз" деп бағалаған еді. "Біздің мұндай ынтымақтастықтан бас тартатынымыз туралы кез-келген ұйғарым - ақылға қонымсыз. Қазір Байқоңырдың әлеуетін толықтай пайдалану және оны ары қарай технологиялық тұрғыдан дамыту шараларын бірлесе ойластырып, оны жүзеге асыру туралы әңгіме жүріп жатыр" деген ол сұхбатында.

Агенттіктің хабарлауынша, Сергей Лавров кездесуден соң нота туралы "Мен оны кімнің жариялағанын білмеймін. Мұны болмашы нәрсені дабырайтып көрсеткісі келетіндер істеді деп санаймын" деген.

Осыдан бір күн бұрын ресейлік ақпарат құралдары "Ресей сыртқы істер министрлігі Қазақстанға Байқоңырдан зымыран ұшыру мәселесіне қатысты ультиматум қойған нота жолдады" деген ақпараттар таратқан еді.

Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов 24 қаңтардан бері Ресейде ресми сапармен жүр.
XS
SM
MD
LG