Accessibility links

Маңғыстауда "Сибу" жұмысшылары ереуілдеп жатыр


Солтүстік Бозащы кен орны, Маңғыстау.
Солтүстік Бозащы кен орны, Маңғыстау.
Маңғыстау облысында "Сибу" компаниясының жұмысшылары сенбі күні жұмысқа шығудан бас тартты. Азаттық тілшісіне бүгін телефон арқылы хабарласқан жұмысшылар кәсіпорын әкімшілігіне еңбекақыға қатысты талап қойып отырғандарын айтты.

"Бүгін таңертең кен орнында жұмысқа шыққан жоқпыз. Аймақтағы басқа компаниялармен салыстырғанда ең төменгі еңбекақы алып жүрміз, баға күнде қымбаттап жатыр. Басшылардан еңбекақымызды 40 пайызға өсіруді, сонымен бірге осыған дейін жыл сайын беріліп келген 13-ші айлықтың биыл да төленуін талап етеміз" деді өз аты-жөнін айтқысы келмеген жұмысшылар.

Олар Бозащы, Жетібай, Қаламқас кен орындарында бірнеше ондаған жұмысшы өз талаптары орындалмайынша жұмысқа шығудан бас тартып, өздерінің жұмыс орындарында компания әкімшілігінен жауап күтіп отырғандарын жеткізді.

Сенбі күні түске дейін "Сибу" компаниясының Алматыдағы және Ақтаудағы кеңселерінде телефон тұтқасын ешкім көтермеді. Азаттық тілшісіне компанияның Ақтаудағы кеңсесінде кадр бөлімін басқаратын Шайгүл Ибраевамен тілдесудің сәті түсті.

"Біз қазір кен орнына кетіп барамыз, қатардағы мәселе, ешқандай төтенше оқиға болған жоқ. Бұдан басқа ақпарат бере алмаймын" деді Ибраева.

Қытайдың "Сибу" (XIBU) мердігерлік компаниясының әлемнің бірқатар елдерінде еншілес кәсіпорындары бар. Компания Қазақстандағы кен орындарында бұрғылау жұмыстарын атқарады.
XS
SM
MD
LG