Accessibility links

Маңғыстаудағы ереуіл келісіммен аяқталды


Солтүстік Бозащы кен орны. Маңғыстау. (Көрнекі сурет)
Солтүстік Бозащы кен орны. Маңғыстау. (Көрнекі сурет)
Маңғыстауда еңбекақыға қатысты талап қойып, жұмыс істеуден бас тартқан "Сибу" (Xibu) компаниясының жұмысшылары ереуілді тоқтатып, жұмыстарына шықты" деп хабарлайды ақпарат агенттіктері.

Маңғыстау облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 26 қаңтарда облыс әкімі Алик Айдарбаев Жетібай және Солтүстік Бозащы кен орындарында бұрғылау жұмыстарымен айналысатын "Сибу" компаниясының басшылығымен және жұмысшылармен кездескен.

"Жиында компания басшылығы он үшінші айлықты беруге келісті. Жұмысшыларға наразылық акцияларын ұйымдастырған кездегі еңбек заңдылықтарын сақтау керегі айтылды. Нәтижесінде барлық бригада жұмысшылары ереуілді тоқтатып, күндізгі ауысымда жұмысқа шықты" деді әкімнің баспасөз қызметінен.

26 қаңтар күні таңертең Бозащы, Жетібай, Қаламқас кен орындарының біраз жұмысшылары басшылардан еңбекақыны 40 пайызға өсіруді, жыл сайын беріліп келген он үшінші айлықтың биыл да төленуін талап етіп, жұмысқа шықпай қойған еді.

Қытайдың "Сибу" мердігерлік компаниясының әлемнің бірқатар елдерінде еншілес кәсіпорындары бар. Компания Қазақстандағы кен орындарында бұрғылау жұмыстарын атқарады.
XS
SM
MD
LG