Accessibility links

Атырау облысы әкімінің орынбасары үйқамаққа алынды


Сыбайлас жемқорлыққа және экономикалық қылмысқа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) Атырау облысы әкімінің орынбасары Асқар Әбдіровті тұтқындады. Бұл туралы қаржы полициясына сілтеме жасаған "Қазақстан жаңалықтары" агенттігі хабарлады.

Қаржы полициясының ақпаратына қарағанда, Әбдіровке "коммуналды меншік нысандарын жекешелендіру кезінде қызмет бабын асыра пайдаланды" деген айып тағылған. Ол 2010-2011 жылдары "Атырау Ақпарат" баспаханасы және Атырау қаласы мен облыс аудандарының газ құбырларын өз құнынан төмен бағамен жекешелендіріп жіберді деген күдікке ілінген.

Қаржы полициясы Әбдіровтің 31 қаңтарда ұсталып, 2 ақпанда соттың санкциясымен үйқамаққа алынғанын растады.

Өткен жазда Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев қызметінен кеткен соң көп ұзамай облыста бір топ шенеунік ұсталып, оларға қарсы "бюджет қаржысын жымқыру ісі" бойынша қылмыстық іс қозғалған еді.

Ал 24 қаңтарда Бергей Рысқалиевты тұтқындауға санкция берілді.
XS
SM
MD
LG