Accessibility links

Иран: дипломат Норвегиядан саяси баспана сұраған жоқ


Иран сыртқы істер министрлігінің маңдайшасы. Тегеран.
Иран сыртқы істер министрлігінің маңдайшасы. Тегеран.
Иран сыртқы істер министрлігі осы ел дипломатының Норвегиядан саяси баспана сұрағанын жоққа шығарды, деп хабарлады Азаттықтың Парсы қызметі.

Бұл туралы сенбіде министрліктің баспасөз хатшысы Рамин Мехманпараст мәлімдеген. Оның айтуынша, елшілік қызметкері "отбасы жағдайына және баласының оқуына байланысты" Тегеранға қайтпаған.

Мехманпараст оны "елшіліктің кеңсе қызметкері" ретінде атап, "Ослодағы қызметі аяқталды" дейді.

Мұның алдында Иран елшілігі қызметкерінің адвокаты өз қорғауындағы адамның "дипломат" екендігін айтқаны хабарланған еді. Адвокаттың айтуынша, елшілік қызметкері Норвегия басшылығынан саяси баспана сұраған өтінішін желтоқсанда берген.

Норвегия баспасөзі ақпанның 22-сінде "дипломаттың Иран елшілігінде бірнеше жыл қызмет атқарғанын" жазған.

Бұл соңғы жылдары Иран дипломаттарының батыс елдерінен саяси баспана сұрауы жиілеген жағдайда өрістеп отыр. Бұдан алдын Иранның Норвегиядағы, Бельгиядағы, Финляндиядағы және Испаниядағы өзге де дипломаттары батыс елдерінен саяси баспана сұраған болатын.
XS
SM
MD
LG