Accessibility links

Керри: Иран келіссөзінің уақыты өтіп барады


АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри. Стамбул, 7 сәуір 2013 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри. Стамбул, 7 сәуір 2013 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Иранға ядролық бағдарламасы мәселесін келіссөздер арқылы реттейтін уақыт өтіп барады деп ескерту жасады. Бұл туралы ол Түркияға жасаған сапарында мәлімдеді.

Джон Керри "келіссөздерді соза беруге болмайтынын" айтып, егер Иран мәселені дипломатиялық жолмен шешуден бас тартса, АҚШ әскери шара қолдануға дайын екенін білдірді. Керри қазір Таяу Шығыс аймағында 10 күндік ресми сапармен жүр.

5-6 сәуірде Алматыда Иран мен "алтылықтың" (5+1, яғни АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Ресей, Қытай және Германия) арасында Иран атом бағдарламасы туралы келіссөздер өткен еді. Оның қорытындысында Иран мен аталған елдердің көзқарастарының әлі алшақ екені мәлім болған.

Иранның уранды байыту жөніндегі ядролық бағдарламасы халықаралық қауымдастықты алаңдатып отыр. Тегеран өкілдері бұл бағдарламаның халықаралық атом агенттігі бақылауында екендігін, тек бейбіт мақсатты көздейтіндігін айтып келеді.

Ал Израильдің барлау және стратегиялық мәселелер министрі Юваль Штайниц келіссөздер аяқталатын күні "әлемдік державалар Иранға ядролық бағдарламасын тоқтатуды талап етіп, ультиматум қою керек" деп мәлімдеген.
XS
SM
MD
LG